Абай облысында ардагерлер ұйымының II есеп беру-сайлау конференциясы өтті
Бүгін Семейдегі Әлихан Бөкейхан университетінде Абай облысы ардагерлер ұйымының II есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары Абай Тасболатов және облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратқазы Алин қатысты.
Абай облысының ардагерлер ұйымы – өңірдің қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орны бар құрылым. Бүгінде ұйым құрамында 130 мыңнан астам зейнеткерді біріктіретін 395 бастауыш ардагерлер ұйымы, 2 қалалық және 10 аудандық ардагерлер кеңесі жұмыс істейді.
Жиында сөз сөйлеген аймақ басшысы ардагерлердің қоғамдағы рөліне тоқталып, олардың ел бірлігін нығайтудағы және жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі еңбегін жоғары бағалады.
Шара барысында облыс әкімі өңірдің дамуына үлес қосқан бірнеше ардагерге «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыстады.
Орталық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының орынбасары Абай Тасболатов ұйым төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың құттықтау хатын оқып, бірқатар конференция қатысушыларына «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Құрмет» төсбелгісімен марапаттады.










