АШМ басшысы француз бизнесін Қазақстанның АӨК-не инвестициялауға шақырды
Қазақстан Франциямен АӨК саласындағы ынтымақтастыққа және бірлескен жобаларды іске асыруға ашық. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Сыртқы сауда, экономикалық тартымдылық және шетелдегі француз азаматтарының істері жөніндегі министр-делегат Оливье Бешт басқарған француз ауылшаруашылық компанияларының делегациясымен кездесуінде мәлімдеді. Кездесу «Kazakh Invest» ҰК» АҚ көмегімен ұйымдастырылды.
Шетелдік қонақтарға арнаған сөзінде Ербол Қарашөкеев француз кәсіпкерлерін Қазақстанның тұқым және өсімдік шаруашылығы, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру саласына инвестиция салуға шақырды. АШМ басшысы отандық нарықта жұмыс істеуге дайын француз компанияларының табысты тәжірибесін атап өтті.
Мәселен, Lactalis және Danon компаниялары ел аумағындағы сүт өңдеу саласына инвестиция салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, қазір Evolution компаниясымен бірлескен генетикалық орталық құру жобасы пысықталып жатыр. Бұл француздардың селекциялық бағдарламалары арқылы ірі қара мен ұсақ малдың асыл тұқымды көбеюін жақсартуға ықпал етеді. Аталған жоба «Асыл-түлік» АҚ-мен бірлесіп іске асырылуда және Қазақстанда мал шаруашылығы генетикасының дамуына жаңа серпін береді.
Ербол Қарашөкеев Француз ветеринариясы әлемдік көшбасшы болып табылатынын және қазір қазақстандық QazBioPharm холдингі Boehringer Ingelheim компаниясымен ветеринариялық вакциналарды шығару бойынша жобаны пысықтап жатқанын атап өтті. Аудит қорытындысы негізінде жобаны іске асырудың нақты кезеңдері бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. Келесі қарқынды қадам өндірілетін вакциналарды Орталық Азия елдері мен Моңғолияға экспорттау болмақ.
АШМ басшысы Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық үшін қолда бар әлеуетті толыққанды пайдалану үшін екі елдің министрліктері, ведомстволары мен ауыл шаруашылығы өндірушілері арасындағы байланыстарды күшейту қажеттігін атап өтті.