Cемей20°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
469.49 552.59 6.24

Мәжілісте өнеркәсіп, атом және тау-кен салаларындағы қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері талқыланды

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінде депутат Бауыржан Смағұловтың төрағалығымен өнеркәсіп, атом және тау-кен салаларындағы реттелетін сатып алуларда қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселелері талқыланды.

Тақырыптық отырысқа Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің,  «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «Тау-Кен Самұрық» АҚ компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты.

Отырысты ашқан Комитет хатшысы Бауыржан Смағұлов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық өндірісті дамыту және импортқа тәуелділікті төмендету міндеттеріне үнемі назар аударатынына тоқталды.

– Қазақстандық қамтуды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып айқындалған. Аталған мәселе ұлттық өнеркәсіп әлеуетін дамыту, ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, технологиялық жаңғыру және экономиканың орнықтылығы тұрғысынан стратегиялық маңызға ие. Комитет тарапынан бұл мәселе жүйелі түрде қаралып келеді. Бүгінгі негізгі міндет – сандық көрсеткіштерден сапалы нәтижеге көшу. Яғни, отандық кәсіпорындарды тек жеткізуші ретінде емес, толыққанды өндірістік және технологиялық серіктес деңгейіне көтеру, – деді Бауыржан Смағұлов.

Отырыс аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қазақстандық қамтуды дамыту жөніндегі саясаты мен нақты тетіктері, атом саласындағы уәкілетті органның жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған тәсілдері талқыланды. Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық» және «Самұрық-Энерго» компанияларының атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары қаралды.

Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков    мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, жүйе құраушы кәсіпорындардың және жер қойнауын пайдаланушылардың тауар, жұмыс және қызмет көрсетуге қатысты көрсеткіштері туралы баяндады.

Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу көлемі 32,7 трлн теңгені құрады. Елішілік құндылық көрсеткіші 53,2%-ға (17,4 трлн теңге) жетті.

– Министрлік жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қағидаларын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жұмыстар ірі өндірістерді үздіксіз қамтамасыз етуді және қазақстандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдайлар жасауды мақсат етеді,– деді вице-министр.

Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасының орынбасары Әсет Махамбетов өз баяндамасында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлесіп елішілік құндылықты дамытудың тиімді моделін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.

– Уран өндіруші компаниялар тобы бойынша тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алудың жалпы көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 522,4 млрд теңгені, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 640,4 млрд теңгені құрады. Оның ішінде тауарлардағы елішілік құндылық үлесі 2024 жылы тауар бойынша — 64%- болса, 2025 жылы – 65%-ға жетті, – деді Әсет Махамбетов.

Отырыста ірі жобалардағы қазақстандық қамтудың нақты үлесіне, ұзақ мерзімді оффтейк-келісімшарттарды дамытуға, отандық өндірушілермен өндірістік кооперация құру және технологиялық трансферт пен өндірістерді оқшаулау бойынша нақты жобаларға назар аударылды. Сонымен қатар отырыста жиынға қатысушы компания басшылары мен өкілдерінің баяндамалары тыңдалды.

«Қазатомөнеркәсіп» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов 2024-2025 жылдардағы тауар, жұмыс және қызметтерді сатып алу динамикасы, елішілік құндылықтың үлесі туралы деректермен бөлісті. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілердің үлесі мен оларды қолдау шараларына тоқталды.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметовтің айтуынша, өткен жылы компания сатып алған тауарлардағы елішілік құндылықтың үлесі 59 %-ға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі көрсеткіш 95 %-ға өскен.

Өз кезегінде «Самұрық Энерго» АҚ қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі басқарушы директоры Асқар Балтабаев оффтейк-келісімшарттар жасасу, отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары, 2025 жасалған басты келісімшарттар және 2026 жылдарға арналған жоспар, инвестициялық жобалардағы елішілік құндылық үлесі туралы негізгі деректерді таныстырды.

Талқылау барысында депутаттар кейбір компанияларда көрсеткіш көлемінің төмендеуінің себептері, тауар өндірушілер тізіліміндегі қазақстандық компаниялардың саны, жоғары технологиялық тауарлар өндірісін шоғырландыру жұмысына қатысты сұрақтар қойды. Сондай-ақ өңірлерде салынып жатқан жылу электр стансаларының энергетикалық блоктарының құрылысына, жергілікті өндірушілерден сатып алынатын тауар түрлеріне қатысты мәселелер көтерілді.

 Тақырыптық отырыстың күн тәртібі жан-жақты қаралып, қойылған сұрақтар мен айтылған пікірлер осы бағыттағы жұмыстың өзектілігін көрсетті.

Жиынды қорытындылаған Бауыржан Смағұлов бірқатар ұсыныс пен міндетке ерекше назар аудару қажеттігіне тоқталды.

Атап айтқанда, сатып алулардың ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз ету, отандық өндірушілермен жүйелі кооперацияны дамыту, импортты алмастыру саясатын нақты өндірістік жобалар арқылы іске асыру, сатып алулардағы делдалдық тізбектерді қысқарту мәселелері ұсынылды.

– Қазақстандық қамтуды арттыру – бұл тек сандық көрсеткіштерге жету емес. Бұл – отандық өндірісті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, бюджет кірістерін ұлғайту, технологиялар трансферті мен білікті кадрлар қалыптастыруға бағытталған кешенді міндет, – деді Бауыржан Смағұлов.

Тақырыптық отырыстың қорытындысы бойынша хаттама әзірленіп, мемлекеттік органдарға және мұнай-газ компанияларына жолданатын болады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив