Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 32 іс-шара іске асырылады
Абай облысында 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру бойынша жоспар бекітілген. Онда 44 іс-шара қарастырылған. Соның 32-сі «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Теміржанов мәлімдеді.
Жылдың бірінші тоқсанында бірқатар жұмыс атқарылды. Білім беру ұйымдарында экологиялық тақырыпта эссе байқаулары өтті, мектептерде сынып сағаттары ұйымдастырылды. 5–6 сынып оқушылары арасында «ProEko» жобалар байқауы өтіп, 38 жоба ұсынылды, оның 17-сі жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар облыс бойынша 28 экологиялық мәдени іс-шара өткізілді.
Сонымен қатар су айдындары мен арықтар тазартылып, көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл 67 мың ағаш отырғызу жоспарланған, қазіргі таңда 431 көшет егілді.