Үкіметте балалар қауіпсіздігі мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі талқыланды
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен кеңесте білім беру объектілерінің қауіпсіздігі және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша балабақшаларды, мектептерді және басқа да оқу орындарын Шұғыл әрекет ету басқармасының орталығына қосылған бақылау камераларымен, дабыл түймелерімен, сондай-ақ лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету процесі жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы тиіс.
Білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес оқушылар мен персонал саны 100 адамнан асатын оқу орындары бейнебақылаумен және ескерту жүйесімен жабдықталуға тиіс, 300-ден 700-ге адамға дейін – Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосылған дабыл түймелері мен камералары болуы тиіс, ал 700-ден астам адамға лицензияланған күзет агенттіктері қызмет көрсетуі тиіс.
Алайда кейбір аймақтар белгіленген мерзімге дейін үлгермей отыр. Мысалы, Алматы облысы мен Түркістан облысы айтарлықтай артта қалған, бұл аймақтарда камераларды Шұғыл әрекет ету басқарма орталығына қосуға және кәсіби күзетпен қамтамасыз етуге қаржы бөлу мәселесі әлі де өзекті.
«Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. 1 қыркүйекке дейін барлық өңір оқу орындарын техникамен қамтамасыз етіп, қажетті шарттар жасасуы тиіс. Балалардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік білім беру мекемелерінің басшыларына жүктелуі тиіс. Бұл шаралар тексеруші органдар үшін енгізілмейді. Олар балалардың мүдделерін ескеріп, оларды қорғауға бағытталған», — деп атап өтті Алтай Көлгінов.
Талқылау қорытындысы бойынша вице-премьер жауапты мемлекеттік органдарға инженерлік-техникалық жабдыққа қойылатын талаптарды күшейту бөлігінде білім беру объектілерін терроризмге қарсы қорғауды ұйымдастыру жөніндегі Нұсқаулыққа өзгерістер енгізу жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ жадынамаларды таратуды, арнайы бейнероликтерді қарастыруды және балалардың қауіпсіз мінез-құлқы жөнінде оқу-жаттығулар өткізуді тапсырды. Бұдан басқа, әкімдіктер мамыр айының соңына дейін оқу орындарын қауіпсіздік жүйелерімен жабдықтауды қаржыландыру мәселелерін шешуі тиіс.
Жасөспірімдер қылмысы мәселесі де өзекті болып қала береді. ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс санының 13,5%-ға, ауыр қылмыстар бойынша 36,5%-ға өсуі байқалады.
Оқу-ағарту министрлігі мәселеге әсер ететін негізгі себептер ретінде ата-аналардың отбасындағы тәрбие процесінен алшақтауын және интернет-мазмұнның теріс әсерін атайды. Буллинг жағдайларының көбеюі үлкен алаңдаушылық тудырады. Осыған байланысты мектептердегі психологиялық көмек қызметін күшейту, сондай-ақ мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру жоспарланған.
Кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың өсуіне жасөспірімдердің бос уақыттарының тиімді ұйымдастырылмағаны да әсер етеді.
«Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуі байқалады, бұл мәселені шешу керек. Жұмысты жүйелі жолға қою, балаларды сабақтан тыс іс-шараларға тартудың жаңа форматтарын табу, буллингке қарсы іс-қимылдың халықаралық тәжірибесін зерделеу, педагогтарды отбасының әлеуметтік портретін құрастыру әдістеріне оқыту бағдарламасын әзірлеу, баланың мазасыздық деңгейін анықтау бойынша электрондық сауалнама жүргізу қажет», — деп атап өтті вице-премьер.
Кеңес қорытындысы бойынша Алтай Көлгінов мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдарға бірқатар тапсырма берді, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту үшін кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың қызметіне талдау жасау және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және балалардың құқықтары мен әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдауды жеделдету тапсырылды.