Абай облысының үздік жас робот құрастырушылары анықталды
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде World Robot Olympiad (WRO) – Дүниежүзілік роботтар олимпиадасының аймақтық кезеңі өтті. Биыл да Зияткерлік мектеп Абай облысының түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам команданы қарсы алып, жас робототехника шеберлерінің басын қосты.
Дарынды балалар мен жетекшілердің көмегімен басқарылатын роботтар «RoboMission», «RoboSports», «Future Innovators» және «Future Engineers» санаттары бойынша бақ сынады.
Әр жылы байқау белгілі бір тақырыпта ұйымдастырылады. Осы маусымның тақырыбы – Robots Meet Culture. Осыған сәйкес қатысушылар робототехника мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, мәдени мұраны насихаттауға бағытталған тың жобаларын ұсынды. Ұлттық аспаптар, тарихи мұралар мен қазақ халқының мәдени ерекшеліктерін заманауи технология арқылы танытатын жобалар көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Олимпиада ұйымдастырушысы, Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ақпараттық технологиялар және инженерлік-техникалық шығармашылықтың кеңейтілген зертхана меңгерушісі Мирас Оңдасыновтың айтуынша, биылғы маусым тақырыбы қатысушылардың шығармашылық ойлауын жаңа деңгейге көтерген.
Аймақтық бәсекеде үздік нәтиже көрсеткен командалар республикалық олимпиадада облыс намысын қорғайтын болады. Ал республикалық кезеңнің жеңімпаздары ұлттық құрама құрамына еніп, биыл желтоқсан айында АҚШ-тың Пуэрто-Рико қаласында өтетін халықаралық кезеңде ел намысын қорғайды.




