Семей қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта алғашқы құрылыс нысандары басталды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласында бой көтеретін жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта басталған құрылыс нысандарында болды. Облыс орталығының жаңа келбетіне айналуы тиіс орталықтың макетін аймақ басшысына облыс әкімнің бірінші орынбасары Ербол Садыр таныстырды.
Жобаға сәйкес Семей қаласының оң жағалауында аумағы 1000 гектарды құрайтын жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салу көзделген. Жалпы тұрғын үй қоры 3 млн шаршы метрден асады, әкімшілік және коммерциялық нысандар көлемі 1 200 мың шаршы метрді құрайды, орталықта 75 мыңнан астам адам тұрады деп болжануда.
Жоба аясында мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары, қонақ үйлер, мейрамханалар, бизнес орталықтар және заманауи қоғамдық кеңістіктерді қамтитын 40-тан астам нысан салу көзделіп отыр.
Облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен басталған республикалық «Абайға құрмет» акциясы аясында Маңғыстау облысы салып жатқан Достық үйінің және Шымкент қаласының тартуы Шығармашылық орталығының құрылыс алаңына барды.
Құрылыс басында аймақ басшысы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың Семейді серпілтетін ерекше жоба екенін атап өтті.
Айта кетейік, «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің өңірлері Семей қаласында бірқатар әлеуметтік және мәдени нысандар салуды жоспарлап отыр. Солтүстік Қазақстан облысының тартуы Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Түркістан облысы Көрме орталығын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек сарайын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын, Атырау облысы «Абай әлемі» ғимаратын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» орталығын, Қостанай облысы Рухани орталықты, Жетісу облысы қалаға кіреберіс қақпа, Астана қаласы 1200 орындық келешек мектебін, Алматы қаласы Медиа орталықты салып берсе, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандырады.










