Облыс әкімі шалғайдағы Көксала ауылының тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы Берік Уәли Аягөз ауданына жұмыс сапары барысында Айғыз ауылдық округіне қарасты Көксала елді мекенінің тұрғындарымен кездесті.
Айғыз ауылдық округі 1959 жылы құрылған. Құрамына Айғыз және Көксала елді мекендері кіреді. Көксала елді мекенінде 17 тұрғын үйде 30 адам тұрады. Мұнда бір медициналық пункт жұмыс істейді. Негізгі тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өсіру.
Кездесу барысында тұрғындар ауыз сумен қамтамасыз ету, футбол алаңын салу, байланыс, жол мәселесін көтерді. «Сарыбұлақ» кен орны ауылға көмек көрсетсе деген тілектерін жеткізді.
Осы ауылдың тумасы, белгілі әнші Тоқтар Серік те кездесуге қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындардың көтерген мәселелерін тыңдап, Шұбартау өңірінің ауылдарының проблемаларын жақсы білетінін, өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін айтты.










