Cемей24°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
461.55 540.38 6.15

Мәжіліс педагогтердің құқықтарын нығайтуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру, педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.  Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар қызметі туралы заң екінші оқылымда қабылданды.

Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар жобасына Мәжіліс депутаттары бастамашы болды. Заң жобасын Мәжіліс депутаты, бастама авторларының бірі Дмитрий Колода таныстырды.

– Заң жобасында 2025 жылы «Қазақстандағы жеке сот орындаушылары институтын дамытудың проблемалары мен перспективалары» тақырыбында өткен Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары берген ұсынымдар ескерілген. Қарастырылған өзгерістер атқарушылық іс жүргізуде азаматтардың құқығын қорғауды нығайтуға, жеке сот орындаушыларының кәсібилігін, жауапкершілігін арттыруға және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған, – деді Дмитрий Колода.

Атап айтқанда, өндіріп алудың жеңілдетілген тәртібі кеңейтіліп, оның шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылады. Бұл азаматтардың қосымша шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Әділет министрлігіне өндіріп алынған қаражатты өндіріп алушыларға аударудың нақты мерзімдерін айқындау құзыреті беріледі, оның ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен тыс жүргізілетін істер де бар.

Сонымен қатар сот орындаушылары борышкерлерге дайындалуға және басқа баспана табуға уақыт беру үшін оларды үйден шығару туралы кемінде 10 күн бұрын хабардар етуге міндетті болады. Бұл ретте құжатты соңғы болып орындап, іс жүргізуді тоқтатқан сот орындаушысына бұрын салынған барлық тыйымдардың күшін жою құқығы беріледі. Ал егер мәжбүрлеп орындау шараларын ұсыну мерзімі өтіп кетсе, олардың барлығының күшін жоюды қарастыратын норма енгізіледі.

Жеке сот орындаушыларының кәсібилігі мен жауапкершілігін арттыру үшін депутаттар заңнама мен Кәсіби ар-намыс кодексін білу деңгейін тексеретін міндетті аттестаттауды енгізуді ұсынды. Сондай-ақ олардың көмекшілері мен тағылымдамадан өтушілеріне қойылатын талаптар күшейтіледі. Әділет органдарының жеке сот орындаушыларының қызметін бақылауға қатысты өкілеттіктері де кеңейтіледі, тексеру нәтижелері бойынша олар бұзушылықтарды жою туралы ұсыным енгізе алады, ал оны орындамау лицензияны тоқтата тұруға негіз болады.

Атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру аясында тәркіленген мүлікті электронды саудада сату процедурасына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Сондай-ақ сот орындаушысының іс-әрекетіне шағымдану тәртібі қайта қаралып, құжаттарды басқа атқару округіне негізсіз жіберу тәжірибесі алынып тасталады.

Баяндамадан кейін депутаттар баяндамашы мен құзырлы мемлекеттік орган өкілдеріне сұрақ қойды. Атап айтқанда, заң жобасында өндіріп алушылардың қаражатын орынсыз пайдалануды болдырмайтын нормалардың жоқтығын тілге тиек етті, жеке сот орындаушыларының бұл қаражатты мақсатты пайдалануын бақылайтын қандай тетіктер қарастырылғанын нақтылады. Жеке сот орындаушылары сыбайлас жемқорлық субъектілері деп тану, мемлекеттік Алимент қорын құру және алимент бойынша өсіп жатқан қарыз мәселесін шешудің нақты мерзімін белгілеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар депутаттар жеке сот орындаушыларын жаңаша аттестаттау тәртібіне, оны ұйымдастыруға жауапты органға және бұл талаптардың қазіргі жұмыс істеп жүрген мамандарға қатыстылығына тоқталды.

Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты талқылау Дмитрий Колоданың жетекшілігімен өтетін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сондай-ақ бірінші оқылымда педагог мәртебесі мен білім беру мәселелері бойынша депутаттық заң жобасы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы мақұлданды. Ұсынылып отырған нормалармен құжат авторларының бірі, Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов таныстырды. Өзгерістердің бірінші блогы педагогтердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

– Біз енді заңға нақты норма енгіземіз. Педагог балалардың өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және тек өзінің лауазымдық міндеттері аясында ғана жауапты болады. Жазғы демалыс – ата-ананың жауапкершілігі. Түнгі уақыт – ата-ананың жауапкершілігі. Демалыс күндері – ата-ананың жауапкершілігі. Енді ешқандай екіұдай түсінік болмауға тиіс. Осылайша біз педагогтерді қорғаймыз, – деп атап өтті депутат.

Сонымен қатар педагогтердің бір мезгілде қағаз және электрондық форматта есеп жүргізуіне тыйым салынады. Мектеп оқушылары үшін смартфон пайдаланудың бірыңғай ережесі жасалады. Ал кез келген шетелдік жоғары оқу орнынан (әлемдік жетекші университеттерді қоспағанда) педагогикалық мамандыққа ауысқан кезде ҰБТ және бейіндік емтихан тапсыру міндетті болады.

Басқа бағыт аясында жоғары медициналық білім беру жүйесі жетілдірілуде. Негізгі мақсат – маман даярлау сапасын арттыру, олардың денсаулық сақтау жүйесіне келуін жеделдету және кадр тапшылығын азайту. Ұсынылған өзгерістер интеграцияланған медициналық білім беру моделіне көшуге негізделген. Аталған модель бойынша, ЖОО-да 6 жыл оқу және ауруханада 1 жыл толыққанды интернатурадан өту қарастырылған. Содан кейін түлек жалпы практикалық дәрігер болып жұмыс істей алады.

Бұл ретте, Асхат Аймағамбетов атап өткендей, интернатура іс жүзінде клиникалық тәжірибенің кезеңіне айналады. Онда тәлімгердің тұрақты бақылауы, нақты белгіленген жауапкершілік деңгейі, еңбек тәртібі қамтылады, медициналық цифрлық жүйелер қолжетімді болады. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарына, соның ішінде шетелдік студенттер мен ақылы бөлімдерге қабылдауды реттейтін нақты құралдарға ие болады.

Бұған қоса, Үкіметтің бастамасымен заң жобасы елімізде жетекші шетелдік университеттердің қызметінің тиімді болуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған құқықтық реттеуді енгізеді. Филиалдар нақты талаптар сақталған жағдайда ашылады, білім мазмұны Қазақстанның мемлекеттік стандарттарынан төмен болмауына назар аударылады. Филиал тек бас университеттің ресми шешімі негізінде ашылып, оның дипломы мәртебесі мен танылуы жағынан бас университет дипломымен толық тең болады

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Жанарбек Әшімжанов қосымша баяндамасында бірқатар қосымша ұсыныстар жасалғанына тоқталды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының ғылыми қызметке жергілікті атқарушы органдар деңгейінде қатысуы, «академиялық адалдық» ұғымын моральдық-этикалық норма ретінде заңнамалық тұрғыда бекіту, сондай-ақ мемлекеттік мектеп педагогтарын мемлекеттік емес ұйымдардың іс-шараларына тартуға жол бермеу нормасын балабақша, колледж және өзге де мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарына тарату ұсынылған.

Талқылау барысында депутаттар интерндерді даярлайтын медициналық ұйымдарға қойылатын талаптар, тәлімгерлер санының жеткілікті болуы және білім алушылардың ықтимал дәрігерлік қателері үшін жауапкершілікті жіктеу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар мектептерде ұялы телефон пайдалануды шектеу бастамасы, шетелдік жоғары оқу орындарының Қазақстандағы филиалдарында оқу құнының отандық университеттермен салыстырғанда жоғары болуының себептері және өзге де мәселелер талқыланды.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары бастамашы болған арнаулы мемлекеттік органдардың қызметі мәселелері жөніндегі заң және оған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулер екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жолданды.

Мәжіліс депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Олжас Құспеков құжатпен жұмыс барысында депутаттар бірқатар түзетулер енгізгенін, оның ішінде мемлекеттік құпияларды қорғау шараларын күшейту мәселесі қамтылғанына тоқталды. Енді мемлекеттік құпияларға тек режимдік объектілерге ғана емес, сонымен қатар ерекше режимдегі және ерекше қорғалатын объектілерді салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген қаражатты немесе нақты шығындарды ашып көрсететін мәліметтер де жататын болады.

Бұдан бөлек, заң аясында экстремистік және террористік материалдарды тасымалдауға тыйым салынып, оларды басып шығарғаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл нормалар Азаматтық процестік кодексті, «Терроризмге қарсы іс-әрекет туралы» және «Экстремизмге қарсы іс-әрекет туралы» заңдарды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекспен сәйкестендіруге бағытталған. Сондай-ақ терроризмге қарсы іс-әрекетті және экстремизмнің алдын алуды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдардың құзыреті нақтыланды.

Сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеру бөлігінде құқықтық олқылықтарды жоюға және заңнаманы жетілдіруге бағытталған нормаларды әзірледі.

Жалпы отырыс барысында салалық комитеттер жаңа конституциялық заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар: «Қазақстан Республикасының Президенті туралы», «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» және «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» құжаттар. Әр заң жобасы бойынша Парламент палаталарының бірлескен комиссияларының құрамына кіретін Мәжіліс тарапының кандидатуралары келісілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив