Cемей11°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
518.07 595.21 6.37

Мәжілістегі Үкімет сағатында жеке атқарушылық іс жүргізу мәселелері талқыланды

Бүгін, 15:50 Думан Кенжеғазыұлы

Мәжілісте вице-спикер Дания Еспаеваның төрағалығымен Үкімет сағаты өтті. Онда Қазақстандағы жеке сот орындаушылар институтын дамыту мәселелері мен келешегі талқыланды. Тақырып бойынша Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндама жасады.

Отырысты ашқан Дания Еспаева Парламентке сот орындаушыларының әрекетіне қатысты азаматтардан көптеген арыз-шағым түсетінін баса айтты. Депутаттарға халықтан жиі келетін шағымдардың бірі – өндіріп алынатын соманың 25 пайызға дейінгі мөлшерде жеке сот орындаушысының қызметі үшін алынатын ақы.

– Осыған байланысты депутаттар азаматтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін өткен жылы оңайлатылған іс жүргізу институтын енгізді. Енді 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұлдар мен салық берешектерін робот жүзеге асырады, сот орындаушысы мүлде қатыспайды. Осының нәтижесінде 8 ай ішінде азаматтардың 900 млн теңгедей қаражаты үнемделді, – деді Дания Еспаева.

Дегенмен, оның айтуынша, атқарушылық іс жүргізу сапасын жақсарту үшін қабылданып жатқан заңнамалық және өзге де шараларға қарамастан, сот орындаушыларының жұмысына шағымдар азаймай отыр. Соңғы жылдың өзінде ол екі есеге артып, 89 мыңнан асқан.

Бүгінде республика бойынша 2110 жеке сот орындаушысы жұмыс істейді, олардың іс жүргізуінде жалпы сомасы 15,9 трлн теңгені құрайтын шамамен 5 млн атқарушылық құжат бар. Аталған құжаттың 50 пайызы шағын несиелер бойынша өндіріп алуға қатысты. Бұл – халықтың шамадан тыс несие алуының тағы бір дәлелі.

Мәжіліс төрағасының орынбасары алимент өндіруге қатысты әлеуметтік маңызы бар істердің санатына ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті. 2024 жылдың соңына қарай бұл саладағы проблемалы іс жүргізу саны 12 мыңнан асып, балалар алдындағы берешек 17 миллиард теңгеге жеткен.

Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндамасында алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезіндегі негізгі проблемалар тұрақты табыстың, мүліктің болмауына байланысты екеніне тоқталды. Жұмыссыз борышкерлерді жүйелі түрде жұмысқа орналастыру бойынша шаралар жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылы 6232 борышкер жұмысқа орналастырылған. Кейбір жағдайларда борышкерлер кірістерін әдейі жасырып, кейін жауапкершілікке тартылады. Алайда Әділет министрлігі бұл шараларды қабылдау алимент төлемеу мәселесін толық шешпейтінін айтады.

– Аталған проблемалық мәселелерді шешу үшін «Цифрлық сот орындаушысын» 40 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомаларды өндіріп алу арқылы оның қолданылуын кеңейту ұсынылады. Агрегатор-сайттар арқылы жұмыс істейтін борышкердің жасырын табысын анықтайтын боламыз. Қазіргі уақытта борышкерлердің өзге де кіріс көздерін анықтау және олардан берешектерді өндіріп алу мүмкіндіктеріне талдау жасалып жатыр, – деді Е.Сәрсембаев.

Жеке сот орындаушылар республикалық палатасының төрағасы Айдос Иманбаев жеке сот орындаушылардың кәсіби қоғамдастығы да өз қызметінде проблемаларға тап болатынына назар аударды. Олардың қатарында әлеуметтік қорғансыздығы және денсаулығы мен өміріне қаупі, атқару мерзімдерін жасанды түрде созу, кейбір микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер тарапынан өндіріп алушылардың құқықтарын теріс пайдалану бар. Ол депутаттардан бұл шешімге қолдау көрсетуін сұрады.

 Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева қосымша баяндамасында осы төңіректегі басқа да шешімін таппай жүрген мәселелерге тоқталды. Басым бөлігі құжаттарды ресімдеудегі әрекетсіздік пен шара қолданбауға қатысты шағымдар. Тағы бір өзекті мәселе – 2022 жылғы Үкімет сағатында да талқыланған сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізу қатысушыларымен өзара іс-қимылы.

– Содан бері көп нәрсе өзгере қойған жоқ. Бұрынғыдай азаматтар сот орындаушыларымен тиісті кері байланыс орната алмайды. Сот орындаушылары мен олардың көмекшілері әдепсіз мінез-құлық танытып, дөрекілікке жол беріп, атқарушылық іс жүргізу бойынша ақпарат бермей, өндіріп алушылар мен борышкерлердің телефон қоңырауларын елемеуді жалғастыруда, – деді С.Имашева.

Осыған орай депутат әдеп нормаларын бұзғаны және атқарушылық іс жүргізу қатысушыларымен тиісінше өзара іс-қимыл жасамағаны үшін сот орындаушыларын тәртіптік жауапкершілікке тарту жұмысын күшейту қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар комитет басшысының айтуынша, алимент, борышкерлерді шығару, құрылыстарды бұзу, баламен қарым-қатынас тәртібі және баланы тартып алу сияқты санаттағы істерді орындау проблема күйінде қалып отыр. Сондай-ақ сот орындаушыларының борышкерлер мен өндіріп алушылардың құқықтарын бұзуы, өндіріп алушылардың ақшалай сомаларын уақтылы аудармау және оларды иемдену, істердің сот орындаушыларына тең жүктелмеуі, кадрлардың сапасы мен орындау сапасына әсер ететін кәсіпке оңай қол жеткізу сынды мәселелердің шешімін табу қажет. Сондай-ақ депутат сот орындаушылар туралы заңның өзiнiң де жетiлдiрiлмегенiн атап өттi.

Талқылау барысында мәжілісмендер өзге де мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Жеке сот орындаушылар республикалық палатасының нормативтік құқықтық актілері мен жұмыс тетіктерін қайта қарау, жеке сот орындаушыларына бақылауды сот органдарының құзырына беру, олардың жауапкершілігін арттыру шаралары, оның ішінде азаматтарға заңсыз келтірілген зиянды өтеу және лицензиядан айыру және басқа да мәселелер.

 Үкімет сағатының қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары жеке сот орындаушыларының жұмысында қордаланған мәселелерді шешу үшін уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс әзірледі. Атап айтқанда, ата-анасы алимент төлеу жөніндегі міндеттен жалтарған кәмелетке толмаған балалар үшін мемлекеттік алимент қорын құру мәселесін зерделеу қажеттігі айтылды.

Жалпы Әділет министрлігіне өндіріп алушылардың да, борышкерлердің де құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту мақсатымен атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру бойынша заңнамаға түзетулер әзірлеу ұсынылды.

Депутаттардан түскен сұрақтар мен ұсыныстар ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жолданатын болады.

Сонымен қатар Мәжілістегі Үкімет сағаты аясында Әділет министрлігінің ұйымдастыруымен тақырыптық көрме өтті. Онда сот өндірісі саласындағы цифрлық шешімдер, оның ішінде оңайлатылған іс жүргізуді енгізу аясында әзірленген «цифрлық сот орындаушысы» жобасы және мобильді қосымшасы бар автоматтандырылған ақпараттық жүйе таныстырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив