Семейлік студенттерге әскери-патриоттық шара ұйымдастырылды
Гарнизондық офицерлер үйінде «Қайнар» колледжінің студенттері мен «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері арасында кездесу өтті. Бұл кездесу Отан қорғаушылар күніне орайластырылды.
Шара шымылдығы гарнизондық офицерлер үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен бастау алды. Бұдан кейін студенттер әскери техникалар қамтылған музей мен Ұлы Отан соғысы және Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің музейіне саяхат жасады. Кездесу барысында әскери қызметшілер болашақ Отан қорғаушыларға Қазақстан Республикасының елуден астам жоғары оқу орындарында әскери қызмет өткеру тәртібі, несиелік демалыстар мен тегін жоғары білім беру шарттарындағы жаңа өзгерістер туралы баян етті.
Өз кезегінде студенттер азық-түлікке, киім-кешекке қатысты өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, Қарулы Күштер қатарында қызмет ету кезінде қажет болатын тиімді кеңестер алды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі