«Заң керуені» Бородулиха ауданында: тұрғындар құқық қорғау органдарымен кездесті
Бірнеше елді мекеннің тұрғындары құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметкерлермен өз аудандарының инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін талқылады. Тәртіп сақшылары тұрғындардың назарын интернеттегі алаяқтықтың жиілеп кеткен жағдайларына ерекше аударды.
Абай облысында «Заң керуені» көшпелі акциясы ауылдық округтерге сапарын жалғастырды. Бұл жолы құқық қорғау органдарының, әкімдік пен салалық қызметтердің өкілдері Камышенка, Жезкент және Бородулиха тұрғындарымен кездесті. Кездесу ашық диалог форматында өтіп, халықты алаңдатқан өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесулер ресмиліксіз өтті: ауыл тұрғындары тікелей сұрақтар қойып, ең өзекті мәселелерді көтерді.
Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Олжас Соғымбай мұндай кездесулердің тұрақты түрде өтетінін айтты.
Тұрғындар жолдардың жағдайы, абаттандыру, жол белгілерін орнату және аумақтардың санитарлық тазалығы мәселелерін көтерді. Сондай-ақ тас жолдардың бойында және орман алқаптарында пайда болған бейберекет қоқыс орындары туралы да айтылды.
Ауылдық округтердің учаскелік инспекторлары аудан бойынша жалпы ахуалдың тұрақты екенін, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзу фактілері тіркелмегенін айтты. Дегенмен олар алдын алу жұмыстары мен тұрғындармен тұрақты байланысқа ерекше мән беріп отырғандарын атап өтті.
Абай облысы ПД профилактикалық қызметті үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Ернұр Құтанбаев мобильді топтардың жыл бойы осындай кездесулерді жалғастыратынын айтты.
Кездесуде кибералаяқтық мәселесі де бөлек талқыланды. Спикерлер мұндай қылмыстар өңірде жиілеп бара жатқанын атап өтті. Алаяқтардың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін, әсіресе егде жастағы адамдар.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Мират Қабытаев алаяқтар көбіне психологиялық қысым әдістерін қолданатынын айтты.
Спикердің айтуынша, мұндай жағдай болғаннан кейін адам полицияға неғұрлым тез жүгінсе, аударымды тоқтатып, қаражатты қайтару мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.
Тұрғындардың бірқатар өтініштері салалық қызметтерге жолданып, бақылауға алынды.
Сондай-ақ жұмыс тобы Жезкент кентіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кент әкімі Бақыт Садыкова негізгі мәселелерді атап өтті. Тұрғындар жолдарды жөндеу, жылу мен ыстық судың тұрақсыз берілуі, сондай-ақ қоқыс орындарына қатысты мәселелерді көтерді.





