Абай облысының делегациясы Австралияның агротехнологиясымен танысып, тәжірибе алмасуға барды
Аймақ басшысы Берік Уәлидің тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов бастаған делегация іссапармен Австралияға келді. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері бар.
Іссапардың мақсаты - Қазақстан Республикасының 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында Абай облысында 2030 жылға дейін қой шаруашылығын өркендетуді іске асыру. Сонымен қатар сала бойынша әлемдегі көшбасшы елдің агротехнологиясымен танысып, тәжірибе алмасу.
Алғашқы күні делегация өкілдері Сидней қаласында Қазақстан Республикасының Мельбурн қаласындағы құрметті консулы, «Australasia Pacific Pty Ltd» компаниясының директоры Эндрю Фернихоф бастаған бизнес өкілдерімен ресми кездесу өткізді.
Эндрю Фернихоф Австралияның қой шаруашылығындағы агротехнологиясын Қазақстанға жеткізудің тиімді тұстарын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл технология қой етін алыс шетелдерге экспорттауға зор септігін тигізеді.
Ресми кездесуде сөз алған Думан Оспанов Абай облысының әкімдігі ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Абай облысынан барған бизнес өкілдері қой шаруашылығындағы генетикалық жұмыстармен, малды өсіру, өңдеу технологияларымен танысып, халықаралық экспорт талабына жауап беретін жүйелерді зерделейді.
Сонымен қатар, олар Австралияның Жаңа Уэльс штатындағы ірі қой фермаларына барып, экспортқа бағытталған ірі қой шаруашылығын қалай құру керегін, оны қалай басқарып, дамыту қажеттігі жөнінде тәжірибе алмасады.


