Сенаторлар еңбек заңнамасы мен әлеуметтік саланы жетілдіруге қатысты заңдарға енгізілетін түзетулерді қарады
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым, ғылымды қажетсінетін аумақтар, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар қаралды.
Талқылауға мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының, жұмыс берушілер бірлестіктері мен кәсіподақтардың өкілдері, оның ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау министрліктері, «Атамекен» ҰКП және Қазақстан кәсіподақтар федерациясының өкілдері қатысты.
Сенаторлар заңды талқылау барысында ғылым мен ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамытуға, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, денсаулық сақтау және әскери қызмет жүйелерін жетілдіруге қатысты нормаларды қарады.
«Бүгін қаралып отырған заңнамалық бастамалар мемлекеттің әлеуметтік саясатын одан әрі жетілдіруге, әлеуметтік маңызы бар салалардағы құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеудің заманауи әрі әділ тетіктерін қалыптастыруға бағытталған. Еңбек қауіпсіздігін арттыруға, әлеуметтік әріптестікті дамытуға және азаматтардың мүдделеріне тікелей әсер ететін үдерістерге цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған шаралардың маңызы ерекше», – деді Комитет төрағасы Нұртөре Жүсіп.
Отырыста қаралған екінші заң еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға, еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруға, сондай-ақ еңбек қатынастары саласындағы жекелеген рәсімдерді нақтылауға бағытталған өзгерістерді көздейді.
Сенатор Руслан Рүстемов атап өткендей, ұсынылып отырған өзгерістер қызметкерлердің қорғалу деңгейін арттыруға және еңбек қатынастарын реттеудің заманауи әрі ашық тетіктерін қалыптастыруға бағытталған.
«Қаралып отырған заңның нормалары еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіруге және қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған. Заң еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыруды, жұмыс берушілердің қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін күшейтуді, әлеуметтік әріптестік тетіктерін дамытуды, сондай-ақ еңбек қатынастарын реттеуде цифрлық шешімдерді қолдану аясын кеңейтуді көздейді», – деді Руслан Рүстемов.