Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
461.26 542.58 6.18

Көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде топырақтағы ылғал қоры оңтайлы және қанағаттанарлық деп бағалануда – экология және табиғи ресурстар министрлігі

Бүгін, 17:52 Думан Кенжеғазыұлы

Қолайлы ауа-райы жағдайлары және негізгі астық егетін аймақтардағы топырақтың жеткілікті ылғалдылығы егіс науқанын жүргізу үшін оң әсерін тигізіп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді.

Ведомство басшысы көктемгі дала жұмыстары кезеңінде топырақ ылғалдылығы бойынша жағдай жалпы қолайлы екенін жеткізді.

Министрдің сөзінше Қостанай, Ақмола, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстарында топырақтың метрлік қабатында ылғал қоры негізінен қанағаттанарлық және оңтайлы болады. Ақтөбе, Павлодар және Қарағанды облыстарында – қанағаттанарлық. Бұл ретте ауа температурасының жоғары болуына байланысты топырақтың үстінгі қабатының тез кебу қаупі бар. Сондықтан жекелеген аудандарда жергілікті ылғал тапшылығы болуы мүмкін.

Мәселен, Ақтөбе облысының Шалқар және Жамбыл облысының Қордай аудандарының жайылымдарында құрғақшылық қалыптасуы ықтимал. Ауа райы болжамына сәйкес, мамыр айында ауа температурасы нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде.

«Жауын-шашын бойынша жағдай жалпы тұрақты: елдің басым бөлігінде мөлшері норма шамасында. Жауын-шашынның нормадан аз болуы еліміздің орталық және оңтүстік-батыс өңірлерінде болжануда. Бұл Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарының басым бөлігі, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола өңірлерінің оңтүстік аудандары, сондай-ақ Ұлытау және Қызылорда облыстары. Жалпы мамыр айында ауа райы егін егу жұмыстарын жүргізуге қолайлы болады. Маусым айында ел аумағының басым бөлігінде температура нормадан 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Бұл ретте республиканың шығысы мен оңтүстік-шығысында, атап айтқанда Шығыс Қазақстан және Алматы өңірлерінде, Абай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Павлодар, Қарағанды облыстарының шығыс жартысында және Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында температура норма шегінде болжанады. Елдің астықты өңірлерінің басым бөлігінде жауын-шашын норма шамасында күтіледі. Жауын-шашын тапшылығы орталықта және оңтүстік-батыста болуы мүмкін. Бұл – Ұлытау, Ақтөбе облыстары, Қостанай облысының оңтүстігі, Түркістан облысының солтүстігі және Батыс Қазақстан өңірінің оңтүстік-шығысы», — деді министр.

Шілде айында Қазақстан аумағының басым бөлігінде ауа температурасы норма шегінде күтіледі. Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарында және Ақтөбе өңірінің басым бөлігінде температураның 1-2 градусқа артуы мүмкін. Шығыс өңірлерде жауын-шашын нормадан көп, ал солтүстік және орталық өңірлерде негізінен норма шамасында. Бұл ретте елдің батысында болжам бойынша жауын-шашын нормадан аз болады.

Министрдің мәліметінше жалпы вегетациялық маусымның басталуы егін егу жұмыстарын жүргізуге және өнім қалыптастыруға қолайлы деп бағалануда. Сонымен бірге жаз айларына арналған болжам алдын ала екенін ескерген жөн.

Бұл ретте, Министрлікке қарасты «Қазгидромет» қызметі осы жылдан бастап жасанды интеллект элементтері бар цифрлық құралдарды қолданатынын атап өткен маңызды.

«Бұл – ВРФ сандық моделі. Ол 2 және 6 километрлік кеңістіктерде 48 сағат және 10 тәулікке дейінгі кезеңге болжам жасауға мүмкіндік береді. Аталған технологияларды пайдалану болжамдардың, оның ішінде агрометеорологиялық және гидрологиялық, сондай-ақ дауылды ескертулердің нақтылығын арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл мүдделі мемлекеттік органдарды, ұйымдарды және халықты дәл әрі уақтылы ақпараттандыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив