Cемей13°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
470.17 547.47 6.42

Алматыда «Абай ұлттық мектебінің» жаңа кампусы көпшілікке таныстырылды және «Талдау мектебі. Алматы» жобасы өз жұмысын бастады

Бүгін, 10:27 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматыда Абай ұлттық мектебінің ұжымымен және «Талдау мектебі. Алматы» жобасына қатысушылармен кездесті. Кезекті өңірлік жоба «Data-Driven City: мегаполистің орнықты дамуы» тақырыбына арналды. Кездесулер аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру кезіндегі бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары және Палатаның сарапшылар қауымдастығымен өзара іс-қимыл форматы талқыланды.

Талдау мектебіне қатысушылармен кездесуде Мәулен Әшімбаев елімізде жүзеге асырылып жатқан реформаларға тоқталды және Мемлекет басшысының «терең талдау мен сапалы деректерге сүйенбей елдің орнықты дамуы мүмкін емес» деген пікіріне назар аударды. Сондай-ақ ол стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу мемлекеттік органдар, ғылыми орта және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тығыз ықпалдастықты талап ететінін атап өтті. Мұндай синергия экономиканың сапалы дамуына серпін беріп, жұмыстың тиімділігін арттырады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бүгінде бірегей идеяларды жетілдіріп, оларды жедел іске асыра білу айрықша қабілет екенін үнемі айтып келеді. Мұндай қасиет көбіне жас, батыл әрі өзгерістен қорықпайтын азаматтарға тән. Қазір қоғам күрделі көпқырлы жүйеге айналып отыр. Бұл жағдай шешім қабылдау мен талдау үдерісі үшін мүлде жаңа орта қалыптастырады. Соған сәйкес талдаудың маңызы айрықша арта түскені анық. Жалпы, бүгінде аналитика кешенді проблемаларды терең талдаудың және көздеген мақсаттарға қол жеткізудің негізгі тетігіне айналуда», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Палата Спикері Taldau community қауымдастығының негізгі құндылықтарына тоқталып, жобаның басты мақсаты – жас мамандардың әлеуетін дамыту және сарапшылардың жаңа буынын даярлау екенін айтты. Сенат Төрағасы жобаның тұжырымдамасына назар аударып, «Талдау мектебі» бірнеше жылдан бері кәсіби біліктілікті арттыруға, тұлғаның жан-жақты дамуына, әлеуетін ашуға және кең ауқымды нетворкинг қалыптастыруға ықпал ететін тиімді алаң ретінде жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

Мәулен Әшімбаев «Алматы – Орталық Азияның өңірлік хабы: Орнықты дамуға арналған деректер мен аналитика» тақырыбын қозғаған дәрісінде талдау тәсілдерінің эволюциясына көңіл бөліп, түрлі саладағы нақты кейстер мен технологияларды мысалға келтірді. Соның ішінде AI мен заманауи платформаларды пайдалану тәжірибесіне баса мән берілді. Қалыптасқан қазіргі жағдайда аналитика кешенді проблемалардың мәнін түсінудің және сын-қатерлерді тиімді басқарудың негізіне айналып отырғаны да сөз болды.

Кездесу сұрақ-жауапқа ұласып, қатысушылар қоғамдағы өзекті мәселелерді және маңызды халықаралық үдерістерді талқылады.

Сегіз аптаға жоспарланған оқу бағдарламасы мен практикалық семинарларда белгілі халықаралық және қазақстандық сарапшылар дәріс оқиды. Олардың қатарында Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, LSE Cities бағдарламасының атқарушы директоры, Лондон экономика мектебі Мемлекеттік саясат мектебінің жетекші ғылыми қызметкері және доценті доктор Филипп Родэ, белгілі қазақстандық экономист, аналитик Айдархан Құсайынов, саясаттанушы, тарихшы Данияр Әшімбаев, халықаралық inDrive қызметінің негізін қалаушы Арсен Томский, Sergek Group ІТ компаниялар тобының тең құрылтайшысы Қайрат Ахметов және тағы басқа сарапшылар бар.

Айта кетейік, жобаға қатысуға 217 өтінім келіп түсті. Соның ішінен 65 үміткер іріктеліп алынды. Қатысушыларды іріктеу бірнеше кезеңнен тұрғанын да атап өткен жөн. Бұл ретте олардың кәсіби құзыреті, аналитикалық ойлау қабілеті мен нақты мақсаты назарға алынды. Бағдарлама аясында қатысушылар «Мегаполисті смарт-басқару», «Креативті экономика және мәдени стратегия», «Туризм және халықаралық позициялау», «Урбанистика және кеңістіктің дамуы», «Экология және қалалық ортаның тұрақты дамуы», «Цифрлық экономика және инновациялық жүйелер», «Серіктестік арқылы тұрақты даму» бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.

Сенат Төрағасы Абай мектебінің ұжымымен кездесуде білім және ғылым саласын дамыту мәселелеріне назар аударды. Іс-шара аясында «Абай Ұлттық мектебінің» жаңа кампусы ашылып, көпшілікке таныстырылды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елімізде білім сапасын арттыру мәселесіне әрдайым баса мән беріп келеді. Соңғы жылдары осы бағытта жүйелі реформалар жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен салынған «Абай Ұлттық мектебінің» жаңа кампусы – сол кешенді жұмыстың нақты нәтижесі. Бүгін біз осы жасампаз идеяның іске асырылғанына куә болып отырмыз. Мектеп – жай ғана ғимарат емес. Ол – ұлттың болашағын қалыптастыратын орта. Қазіргі таңда басты капитал – білім, ғылым және интеллект. Ал, «Абай Ұлттық мектебі» сияқты жобалар – еліміздің интеллектуалды болашағына салынған инвестиция», – деді Мәулен Әшімбаев мектептің ұстаздарымен және оқушыларымен кездесуде.

Жаңа кампустың ашылу рәсіміне сенаторлар, ардагер ұстаздар, белгілі ғалымдармен қатар еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және белсенді азаматтар қатысты. Іс-шара аясында олар оқушылар жасап шыққан жобалар қойылған білім көрмесін тамашалап, 350 орындық жатақхана мен спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. Сондай-ақ мектеп музейі мен білім ордасындағы дизайн, технология кабинеттері мен керамика шеберханасы секілді алаңдардың қызметі назар аударды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив