Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
470.17 547.47 6.42

Қазақстандықтар елдің даму бағытын жоғары деңгейде оң бағалауын сақтап отыр

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

2026 жылғы сәуір айында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігі елдің қазіргі даму бағытын оң бағалайтынын көрсетті. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 84,4%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді.

Аумақтық бөлініс әртүрлі елді мекен тұрғындарының бағалауларында жоғары деңгейдегі үйлесімділікті көрсетеді. Қала тұрғындарының арасында респонденттердің 84%-ы елдің даму бағытын оң бағаласа, ауыл тұрғындары арасында бұл көрсеткіш сәл жоғары – 85,2%-ды құрайды. Бұл тұрғылықты жеріне қарамастан, азаматтардың қазіргі бағытты қабылдауы ұқсас екенін көрсетеді.

Гендер тұрғысынан талдау ерлер мен әйелдердің де жоғары деңгейде оң баға беретінін көрсетеді. Сонымен қатар, әйелдер арасында бұл көрсеткіш біршама жоғары – 86,2%-ды құрады, бұл ерлер арасындағы көрсеткіштен 4,3%-ға артық.

Жас ерекшелігі тұрғысынан ең жоғары қолдау деңгейі жастар арасында тіркелді – 89,3%. Бұл жастардың қазіргі саяси бағытты анағұрлым оң қабылдайтынын көрсетеді.

Сатып алу қабілеті артқан сайын оң бағалар да айтарлықтай өсетіні байқалады. Өздерінің экономикалық жағдайының жақсарғанын сезінетін респонденттер бұл ілгерілеуді қазіргі саяси бағытпен байланыстыруға бейім.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың саяси бағытқа берген бағасы негізінен оң сипатқа ие екенін және халықтың негізгі әлеуметтік-демографиялық ерекшеліктеріне қарамастан жоғары деңгейде сақталатынын көрсетеді.

*Әлеуметтік сауалнама ҚСЗИ тапсырысы бойынша 2026 жылғы 10 сәуір мен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Іріктеу жиынтығының көлемі – 8 000 респондент. Сауалнамаға 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалалар – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан респонденттер қатысты.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив