Cемей15°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
470.17 547.47 6.42

Абай облысында суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен әкімдік отырысында шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды.

Қазір облыстағы су айдындарында бұқаралық демалыс, туризм және спорт үшін 21 орын белгіленген. Оның ішінде 15 коммуналдық жағажай, 2 жеке жағажай және 4 жаппай демалыс аймағы бар.

Былтыр облыстың су айдындарында 12 адам, оның ішінде 4 бала суға батып қайтыс болған. Мамандардың мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі қауіпсіздік талаптарын сақтамау, мас күйінде суға түсу және балаларды қараусыз қалдыру салдарынан болып отыр.

Шомылу маусымына дайындық аясында Алакөл жағалауында құтқару станциясы ашылған. Сонымен қатар, халық көп жиналатын орындарда патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, 30 жаяу және 16 мобильді бекет қойылады. Бұл жұмыстарға төтенше жағдайлар департаменті мен әскери бөлімнің 100-ден астам қызметкері жұмылдырылады.

Сондай-ақ су айдындарында оқу-жаттығулар өткізу, су түбін тазарту, қауіпті аумақтарға ескерту белгілерін орнату және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр.

Жиында Алакөл көліндегі шағын көлемді кемелер үшін арнайы пирстер орнату, жағалаудағы бейнебақылау жүйесін кеңейту, сондай-ақ Семей қаласындағы жабдықталмаған жағажайларды ретке келтіру мәселелері де көтерілді.

Облыс әкімі қала және аудан әкімдеріне шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді, жабдықталмаған жағажайларды бақылауға алып, ресми демалыс орындарының санын арттыру мәселесін қарастыруды тапсырды. Сондай-ақ туристік аймақтардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымына талдау жүргізуді, шағын көлемді кемелердің қауіпсіздігін қатаң бақылауды жүктеді.

«Жазғы кезең басталысымен облыс аумағындағы су айдындарында халықтың жаппай демалуға шығатыны әдеттегі жағдай. Ал, біздің жергіліктік билік өкілдері ретіндегі міндетіміз тұрғындарға сапалы жағдай жасау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 2 аптадан кейін немесе 8 жұмыс күнінен кейін облыста шомылу маусымы ресми басталады, алайда біздің дайындық жұмыстарымыз аяқталмаған. Бүгінге жағажайлардағы демалыс орындарының инфрақұрылымы, қауіпсіздік талаптарының сақталуы және стихиялық шомылу аймақтарының мәселесі өзекті болып отыр. Шомылу кезеңіндегі қауіпсіздік мәселесі - ерекше жіті бақылауды талап ететін маңызды бағыттардың бірі. Әрбір қайғылы жағдайдың артында адам өмірі тұрғанын ұмытпауымыз қажет», - деді Берік Уәли.

Бұдан бөлек «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының жүзеге асу барысы да айтылды. Оның аясында 16 мамыр күні облыстың барлық елді мекендерінде санитарлық тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Сенбілікке 15 мыңнан астам тұрғын қатысып, 471 ұйым мен 204 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 1651 аула, 79 саябақ пен сквер аумағы тазартылып, 3342 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, биыл облыс аумағында 67 мың көшет отырғызу жоспарланса, қазір оның 52 мыңнан астамы егілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив