Сенатта экономикалық өсуді қаржымен ынталандыру тетіктері талқыланды
ҚР Парламенті Сенатында Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруымен «Экономиканың өсуін қаржылық ынталандыру» тақырыбы бойынша Үкімет сағаты өтті. Оған Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, қаржы секторының, даму институттарының және сарапшылар қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина Үкімет сағатын аша келіп, қаржымен ынталандыру қаражатты бөлу тетігі ғана емес, сапалы экономикалық өсудің пәрменді құралы болуы тиіс екенін атап өтті.
«Бүгінгі таңда мәселе өте айқын. Қаржымен ынталандыру тек қаражатты бөлу тетігі болмауы керек. Ол экономиканы құрылымдық трансформациялау құралына айналуы тиіс. Мемлекеттік қолдау атаулы, ашық және нәтижеге бағдарланған болуы тиіс. Ол нарықты алмастырмай, оның дамуына көмектесуі керек», - деп атап өтті Ольга Перепечина.
Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов қазіргі талқылау экономиканы қаржыландыруды кеңейту мәселелері бойынша жүйелі жұмыстың жалғасы екенін атап өтті.
«Тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін инвестицияның көлемі едәуір болуы қажет. Бүгін біз атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарамыз және алынған практикалық тәжірибені ескере отырып, осы жоспарларды іске асыру процесін жақсарту жөнінде ұсыныстар әзірлейміз», - деді Сұлтанбек Мәкежанов.
Үкімет сағаты барысында қатысушылар инвестиция тарту, экономиканың нақты секторын қаржыландыруға банктердің қатысуын кеңейту, бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру мәселелерін, сондай-ақ даму институттары мен квазимемлекеттік құрылымдардың орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етудегі рөлін талқылады.
Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы кеңесінің төрағасы Елена Бахмутова, сондай-ақ «Teniz Capital Investment Banking» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Ғалым Хусаинов баяндама жасады.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша әзірленген ұсынымдар келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып пысықталып, Үкіметке жіберілетін болды.