Cемей14°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
467.58 543.66 6.44

Астанада Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясындағы негізгі іс-шаралар мен мәдениет саласының жетістіктері таныстырылды

Бүгін, 12:00 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Мәдениет саласының жетістіктері, алдағы даму бағыттары және Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясындағы негізгі іс-шаралар» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Конференцияға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Шерхан Талап, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали, 61-ші Венеция биенналесіндегі Қазақстан ұлттық павильонының «Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасының кураторы Бекбота Сырлыбек, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры Ақан Әбдуәлиев және «Мәдениет және инновация» республикалық форумының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарлығаш Әжиева қатысты.

Баспасөз конференциясында мәдениет саласын дамыту бағытындағы негізгі нәтижелер, цифрландыру жобалары, отандық кино өндірісін қолдау, қазақстандық өнерді халықаралық деңгейде таныту және Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар бағдарламасы таныстырылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен салада бірнеше цифрлық жоба қолға алынды. Бүгінде E-Museum виртуал музейлер желісі еліміздегі 286 музейдің дерегін біріктіріп, 65 мыңнан астам жәдігер мен 750-ге жуық 3D артефактіні қамтиды. Саладағы ашықтықты қамтамасыз етіп, кассаға түсетін қаражатты толық цифрландыруға және нақты уақыт режимінде есеп жүргізуге бағытталған «е-Кино» жүйесі іске қосылуда. Бұдан бөлек, Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Қарахан, Айша бибі кесенелері мен Отырар қалашығында есепке алу және билет жүйесін енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

«Мәдени инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Театрлар, музейлер, кітапханалар мен мәдениет үйлері кезең-кезеңімен жаңғыртылып келеді. Әсіресе өңірлердегі мәдени нысандардың жағдайын жақсарту – басты назарда.

Өткен жылы 61 мәдениет нысанының құрылысы қолға алынып, тағы 252 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл елімізде 64 мәдени нысанының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар өңірлердегі мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Бұл бастама ауылдық мәдениет ошақтарының мүмкіндігін арттырып, халыққа көрсетілетін мәдени қызметтің сапасын жақсартуға жол ашады», - деді Шерхан Талап.

Жиында отандық кино өндірісін дамыту мен қазақстандық өнерді халықаралық деңгейде таныту мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Кейінгі жеті жыл ішінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен 124 киножоба аяқталды.

Сонымен қатар 61-ші Венеция биенналесінде ұсынылатын «Qoñyr: Тыныштық архиві» жобасы таныстырылды. Жобада қазақ дүниетанымы дыбыс, архив деректері, рухани сабақтастық және заманауи өнер бағыттары арқылы айшықталады.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аясында 19-21 мамыр күндері Астанада «Мәдениет және инновация» республикалық форумы өтеді. Форумға еліміздің 20 өңірінен 600-ге жуық мәдениет қызметкері, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, бизнес қауымдастық өкілдері, креативті индустрия мен технологиялық компаниялар мамандары қатысады.

Бағдарлама аясында пленарлық отырыстар, панельдік кездесулер, білім беру сессиялары, тәжірибелік интенсивтер мен жобаларды таныстыру алаңдары ұйымдастырылады. Форум кітапхана ісі, архив саласы, музей ісі, мәдени-демалыс және театр-концерт ұйымдары, сондай-ақ мәдени іс-шараларды техникалық қамтамасыз ету бағыттарын қамтиды.

Сондай-ақ елімізде 21-23 мамыр аралығында «Халық әуені» концерттік туры өтеді. Жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның демеушілігімен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Министрлікке қарасты концерттік ұйымдар мен шығармашылық ұжымдар еліміздің 17 өңірінде гастролін бастайды. Әр ұжым үш аудан орталығы мен моноқалада өнер көрсетеді. Жалпы жоба аясында жанды дауыста өтетін 51 концерттік бағдарлама көрерменге тегін ұсынылады. Олардың бірқатары ашық аспан астындағы алаңдарда ұйымдастырылады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив