Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру
Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу — еліміздің стратегиялық дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі» және «Заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін, ең алдымен, жемқорлықтың тамырына балта шабу керек» екендігін атап өтіп, мемлекеттік органдардың алдына бірқатар міндеттерді қойған болатын.
Қазіргі қоғамның дамуына кедергі келтіретін ең өзекті мәселелердің бірі – сыбайлас жемқорлық. Ол мемлекеттің экономикалық дамуына, халықтың билікке деген сеніміне және әлеуметтік әділеттілікке теріс әсер етеді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болып табылады. Осы тұрғыда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастырудың маңызы ерекше.
Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті – адамдардың заңды құрметтеуі, әділдік пен адалдықты жоғары бағалауы, парақорлық пен заңсыз әрекеттерді қабылдамауы. Мұндай мәдениет қоғамда азаматтардың құқықтық санасы мен моральдық жауапкершілігі жоғары болған жағдайда қалыптасады. Егер әрбір адам жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын түсініп, оған қарсы көзқарас танытса, онда бұл індеттің деңгейі төмендейді.
Мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарында жастарға құқықтық тәрбие беру, адалдық қағидаларын насихаттау маңызды. Арнайы тәрбие сағаттары, семинарлар мен пікірталастар өткізу арқылы жастардың сыбайлас жемқорлыққа деген теріс көзқарасын қалыптастыруға болады. Сонымен қатар ұстаздардың өздері де әділдік пен адалдықтың үлгісі болуы тиіс. Бұл бағытта бүгінде Абай облысындағы 286 мектепте 7300-ден астам оқушыны қамтитын «Адал Ұрпақ» және 600-ден астам студенттен тұратын 33 «Саналы Ұрпақ» студенттік клубынтары жұмыс жасауда.
Қоғамда ашықтық пен әділдік принциптерін нығайту да жемқорлықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, халыққа ақпараттың қолжетімді болуы, заңның бәріне бірдей қолданылуы азаматтардың сенімін арттырады. Әр адам өз құқығын біліп, заң талаптарын сақтаған жағдайда қоғамда тәртіп пен әділеттілік орнығады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердің де ықпалы зор. Олар қоғамға адалдық идеясын насихаттап, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру – ұзақ әрі жүйелі жұмысты талап ететін маңызды міндет. Ол үшін отбасы, білім беру ұйымдары, мемлекет және қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Адалдық пен әділдік құндылықтарын жоғары қоятын қоғам ғана дамыған әрі болашағы жарқын мемлекет құра алады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті