Қазақстан мен Кения президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен өткен келіссөз барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық перспективасы қарастырылды.
Мемлекет басшысы Кения Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды әрі сенімді серіктестерінің бірі екенін атап өтті.
– Кения – Африканың қарқынды дамып келе жатқан және озық елдерінің бірі. Географиялық тұрғыдан елдеріміз алшақ орналасса да, бізді жаңғыруға деген ұмтылыс пен болашаққа сенімді көзқарас біріктіреді. Қазақстан Еуразия жүрегінде орын тепкен, ал Кения Шығыс Африканың экономикалық орталығы саналады. Бұл екіжақты серіктестікті кеңейту тұрғысынан айрықша мәнге ие. Біз нарықтарды және көлік бағдарларын байланыстырып, инвестициялар мен тың мүмкіндіктерге жол ашу арқылы Орталық Азия мен Африка арасына дәнекер бола аламыз. Жаңа ғана екіжақты қарым-қатынастың негізгі бағыттарын талқылап, халықаралық күн тәртібі жөнінде пікір алмастық. Елдеріміздің жаһандық мәселелерге қатысты ұстанымдары ұқсас. Біз бейбіт сыртқы саясат жүргізіп, мультилатерализм қағидатына сай әлемдік тәртіпті дәйекті түрде жақтап келеміз. Қазақстан тарапы ортақ мақсаттарды өзара тиімді әрі нақты жобаларға ұластыруға дайын. Бүгінгі сапар барысында қол жеткізілген келісімдер Қазақстан мен Кения ынтымақтастығын жаңа және сапалы деңгейге көтеретініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өзара сауда мен инвестиция мүмкіндіктерін кеңейту үшін Іскерлік кеңес құруды ұсынды.
Уильям Руто Қасым-Жомарт Тоқаевпен 2023 жылы Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында кездескенін атап өтті. Ол осы жүздесу екі елдің арасында 1993 жылы қаланған қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болғанын жеткізді.
– Президент мырза, Найроби қаласында тұрақты елші тағайындау туралы шешіміңіз Сіздің және Үкіметіңіздің Қазақстан мен Кения арасындағы байланыстарды ілгерілетуге маңыз беріп отырғандарыңызды байқатады. Менің сапарым – елдеріміздің ынтымақтастығын нығайтуды көздейтін нақты қадам. Оған еш күмән жоқ. Өзара сауда-саттықты арттыру бағытында айтарлықтай әлеуетіміз бар деп ойлаймын, – деді Кения Президенті.
Тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық бағытта жоғары оқу орындарының арасында тығыз байланысты жолға қоюға, туризм бастамаларын өзара қолдауға және биоалуантүрлілікті сақтау ісінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.