Заң мен тәртіп: Абай облысында республикалық интеллектуалдық Quest ұйымдастырылды
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өңірде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойын өтті. Биыл бұл жоба үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды шараға еліміздің 5 облысынан келген 11 команда қатысты. Атап айтқанда, Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Абай облыстарының студент жастары бас қосты.
Жоба Абай мұрасы арқылы жастар арасында әділдік, адалдық, парасаттылық секілді құндылықтарды дәріптеуге бағытталған. Сонымен қатар, шара аясында жастардың құқықтық санасын қалыптастырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға басымдық берілді.
Зияткерлік ойын әдеби Quest және Quiz форматында ұйымдастырылды. Әдеби Quest барысында қатысушылар Семей қаласы мен «Абай – Шәкәрім» мемориалдық кешені аралығындағы тарихи-мәдени орындарды аралап, Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тапсырмаларды орындады.
Маңғыстау энергетикалық колледжінің студенті Нұрболат Боқаевтың айтуынша, мұндай жобалар жастардың әділдікке деген көзқарасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Ал Алматы облысынан келген Есік гуманитарлық-педагогикалық колледжінің студенті Луиза Ұзақ бұл сапардың өзіне ерекше әсер сыйлағанын айтады.
Шараның екінші жартысында қатысушылар «Қазақша Quiz» интеллектуалдық ойынында бақ сынады. Quiz сұрақтары Ұлы Абайдың өмірі, Абай өңірінің киелі орындары және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы халықаралық тәжірибелерді қамтыды.
Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, логикалық ойлау мен жылдам шешім қабылдау қабілеттерін сынақтан өткізді.
Марапаттау рәсімінде сөз алған Абай облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Жұмаділов қатысушыларды құттықтап, жобаның маңыздылығына тоқталды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қайрат Сапарғалиев өз сөзінде іс-шараның ерекшелігін атап өтті.
Бұл шараның басты ерекшелігі – жастардың тарихи-мәдени мұрамен жақын танысуы, туған жер тарихын өз көзімен көруі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тағылымды ойларды бойына сіңіру. Осындай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор іс-шара жастардың әділдік пен парасаттылық қағидаттарын берік ұстануына, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді деп сенеміз – деп атап өтті Қайрат Сапарғалиев.
Республикалық зияткерлік ойын қорытындысында барлық кезең бойынша жинаған ұпайлар есептеліп, жүлделі орын иегерлері анықталды. Атап айтқанда, Абай облысының Жастар мәслихаты командасы I орынды иеленсе, II орын Шығыс Қазақстан облысынан келген Сәрсен Аманжолов университетінің студенттеріне бұйырды. Ал III орынды Семей медицина университеті командасы қанжығасына байлады.
Айта кетейік, «Абай сөзі – әділдік темірқазығы» атты республикалық зияткерлік ойын алдағы уақытта да дәстүрлі түрде жалғасын таппақ.









