«AMANAT» партиясының қолдауымен ашылған амбулаториялық пункт халық игілігіне қызмет етуде
«AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» 2023–2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы аясында Абай облысы Абай ауданына қарасты Орда ауылында көптен бері көтеріліп келген маңызды мәселе шешімін тауып, жаңа амбулаториялық пункт пайдалануға берілді.
300-ге жуық тұрғыны бар ауылда бұған дейін медициналық нысан болмаған. Тұрғындар дәрігер көмегін алу үшін өзге ауылдарға немесе аудан орталығына қатынауға мәжбүр еді. Әсіресе қыс мезгіліндегі қолайсыз ауа райы мен жол жағдайы уақытылы медициналық көмек алуды қиындатқан.
Ауыл тұрғындарының өтініші негізінде мәселе «AMANAT» партиясының бақылауына алынды. Партия өкілдері мен депутаттар құрылыс жұмыстарына тұрақты партиялық мониторинг жүргізіп, тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдады. Абай аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Еділ Құдайбергенов құрылыс сапасы мен мерзімінің жіті бақылауда болғанын атап өтті.
Нәтижесінде 2025 жылы Орда ауылындағы амбулаториялық пункт толық іске қосылып, халық игілігіне берілді.
Жаңа медициналық нысан әсіресе егде жастағы адамдар мен балалар үшін үлкен қолдау болды. Бұрын қарапайым тексеруден өту үшін өзге елді мекендерге баруға тура келсе, енді қажетті медициналық қызмет ауыл ішінде қолжетімді.
70 жастан асқан зейнеткер Ысқақ Берікхан соңғы жылдары ауылдағы оң өзгерістердің көбейгенін айтады.
Соңғы үш жылда Абай облысында «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында денсаулық сақтау саласында 65 нысан іске қосылды. Бұл ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
Орда ауылындағы амбулаториялық пункт – халық сұранысына нақты жауап берген маңызды жобалардың бірі. Бүгінде бұл нысан ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайтып, олардың өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосуда.



