Қазақстан мен Ресей сенаторлары көпжоспарлы ынтымақтастықтың келешегін талқылады
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған Қазақстан Парламентінің бір топ депутаты ресми сапармен Ресей Федерациясына барды. Сапар барысында олар Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен және Федералдық Жиналыс Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті.
Мәулен Әшімбаев Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуде әріптесін Ресей парламентаризмінің 120 жылдығымен құттықтап, екі ел арасында өзара құрмет пен бір-бірінің мүддесін ескеруге негізделген берік әрі тұрақты ынтымақтастық қалыптасқанын атап өтті.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, Ресей Федерациясымен ынтымақтастықтың ауқымы өте кең, барлық салада тығыз байланыс орнаттық. Бүгінде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас екі ел Президенттері – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путин арасындағы достық пен сенімге негізделген байланыстың арқасында жаңа сапаға көтеріліп, тың серпін алды. Осы ретте былтыр қараша айында Қазақстан Президентінің Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының нәтижелі болғанын ерекше атап өткім келеді. Сол кезде Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойылуы сапардың негізгі нәтижесі болғаны анық. Бұл тарихи құжат Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының жүйелі дамуын нақтылап, өзара сенімнің бұрын-соңды болмаған деңгейін және көптеген бағыт бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін айқын көрсетеді», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалар мен республикалық референдумның маңызына да тоқталып өтті.
«Біздің сапарымыз Қазақстандағы ауқымды саяси жаңғырулар кезеңімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі таңда еліміз институционалдық дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан халқы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жаңа Конституция қабылдау жөніндегі бастамасын қолдап, дауыс берді. Жаңа Ата Заңды қабылдаудағы басты мақсат – Қазақстанның мемлекеттілігі мен Тәуелсіздігін одан әрі нығайту, сондай-ақ, елдің саяси жүйесін жаңғырту. Шын мәнінде, Конституция біздің болашағымыздың манифесіне, ұзақмерзімді даму бағдарын айқындайтын құжатқа айналып отыр», – деді Сенат Төрағасы.
Кездесу барысында парламентаралық байланысты одан әрі нығайту мәселелері де талқыланды. Тараптар 2025-2027 жылдарға арналған Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі практикалық іс-шаралар жоспарына назар аударды. Бұл құжат екі ел депутаттарының, соның ішінде Сенат пен Федерация Кеңесі арасындағы ынтымақтастық комиссиясы аясындағы жүйелі жұмыс арқылы дәйекті түрде жүзеге асырылып келеді.
Өз кезегінде Валентина Матвиенко Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға жоғары баға беріп, бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты.
«Біз Қазақстандағы ауқымды жаңғыртуларды назарда ұстап келеміз. Қазақстан Президенті жүргізіп отырған реформалар құрметке лайық. Саяси және экономикалық реформалар өте кәсіби, демократиялық әрі байыпты түрде, ең бастысы, халықпен диалог негізінде жүзеге асырылуда. Жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі референдумның нәтижесі Қазақстан халқы Президенттің бағдарын қолдайтынын айқын көрсетті. Сонымен қатар Қазақстанның парламенттік жүйесін ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын да білеміз. Біз жаңа жағдайда да тиімді өзара іс-қимылды сақтауға ниеттіміз және Құрылтайды қалыптастыруға қатысты барлық рәсім аяқталып, оның жұмысы басталғаннан кейін диалогты жалғастырудың жаңа тетіктерін жедел қалыптастырамыз деп сенеміз», – деді Валентина Матвиенко.
Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Валентина Матвиенко Маулен Әшімбаевқа «Достық» орденін табыстады. Марапаттау рәсімінде Сенат Төрағасы бұл награда Қазақстан Парламентінің парламентаралық байланыстарды және Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын дамыту жолындағы қызметіне берілген жоғары баға екенін айтты.
Сонымен қатар Қазақстан Президентінің Жарлығымен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Андрей Яцкин парламентаралық диалогты дамытуға және екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ресей Мемлекеттік Думасының төрағасы Вячеслав Володинмен кездесті. Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықтың құқықтық базасын жетілдіру және халықаралық парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелерін талқылады.
Сапар кезінде Қазақстан Парламентінің депутаттары Кремль қабырғасындағы «Белгісіз жауынгер бейітіне» гүл шоқтарын қойды.