ҚР ҰЭМ басшысы Оңтүстік Кореяда бірқатар екіжақты кездесулер өткізді
Ұлттық экономика министрі – Қазақстаннан Азия даму банкінің басқарушысы Әлібек Қуантыров АДБ-ның Вице-президенті Шиксин Ченмен кездесті.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, бірлескен жобаларды іске асыру барысын талқылады, сондай-ақ экономика дамуының ағымдағы үрдістері бойынша пікір алмасты және алдағы жоспарларды белгіледі.
«Азия Даму Банкі еліміздің маңызды стратегиялық серіктесі болып табылады. Ынтымақтастық басталғаннан бері Банк айтарлықтай қолдау көрсетті, оның ішінде Қазақстандағы инновациялық жобалар арқылы жаңа технологияларды енгізу үшін білім алдық», - деп атап өтті ҰЭМ басшысы.
Министр Қазақстан Үкіметі экономиканы әртараптандыру бойынша даму бағытын жалғастыратынын атап өтті. Бұл ретте, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.
«2026 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Өткен жылы біздің шетелдік серіктестеріміз ел экономикасына $28 млрд. инвестиция салды, 2021 жылмен салыстырғанда 17% - ға жоғары. Бұл соңғы 10 жылдағы рекордтық көрсеткіш», - деді министр.
Сондай-ақ, ол фискалдық саясатты жетілдіру шаралары қабылданып жатқанын хабарлады. Мемлекеттік қаржының фискалдық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған 2030 жылға дейін мемлекеттік қаржыны басқарудың жаңа тұжырымдамасы қабылданды. Бұл тұжырымдаманың ережелері жаңа Бюджет кодексінің негізі болып табылады. Фискалдық реттеуді қайта жүктеу мақсатында жаңа Салық кодексі де әзірленетін болады.
Азия Даму Банкінің Вице-президенті Шиксин Чен Үкіметтің жүргізіп жатқан реформалары елдің үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін маңызды деп атады. Атап айтқанда, ол Үкіметтің БҰҰ ТДМ (Тұрақты даму мақсаттары) имплементациялау жөніндегі күш-жігерін атап өтті.
Ә.Қуантыров оларды мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлеріндегі бағдарламалық құжаттарға біріктіруде қол жеткізілген процесс туралы айтып берді. Ол гендерлік теңдікті қамтамасыз ету және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту міндетіне сәйкес өңірлердегі әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтарының жұмысына жеке тоқталды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық өзекті мәселелер бойынша тығыз жұмыс байланыстарын сақтауға келісті.
Сонымен қатар, Ұлттық экономика министрі Азия даму банкінің Орталық және Батыс Азия бойынша бас директоры Евгений Жуковпен, АДБ-ның атқарушы директоры Ахмед Нұрмен, АДБ-ның балама атқарушы директоры Джастин Сикатпен және АДБ-ның Орталық және Батыс Азия департаментінің Өңірлік ынтымақтастық және операцияларды үйлестіру бөлімінің директоры Лязиза Сабыровамен кездесті.
«Біз ерекше назар аударатын Орталық Азияның экономикалық дәліздері және Орта дәліз сияқты негізгі жобаларымыз бар. Серіктес елдермен бірлесіп Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл жоба АДБ-мен ынтымақтастықтың жаңа және маңызды бағыттарының бірі бола алады. Банк инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру бойынша жетекші рөлге ие бола алады», - деді ҰЭМ басшысы.
Азия даму банкінің өкілдері Қазақстанның өңірдегі басты рөлін атап өтіп, экономиканың түрлі секторларында ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін білдірді.