Ұлттық экономика министрі Азия даму банкінің президентімен кездесу өткізді
Инчхон қаласында (Оңтүстік Корея) АДБ-ның Басқарушылар Кеңесінің 56-шы жыл сайынғы отырысының алаңында Ұлттық экономика министрі – Қазақстаннан Азия даму банкінің басқарушысы Әлібек Қуантыров АДБ президенті Масацугу Асакавамен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстан мен АДБ екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері және стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетудің перспективалары талқыланды.
Ә.Қуантыров атап өткендей, ҚР-да 1994 жылдан бері өз қызметін табысты жүргізіп келе жатқан Азия даму банкі Қазақстанның маңызды әріптестерінің бірі болып табылады.
Сондай-ақ, тараптар АДБ-ның Қазақстан үшін 2023-2027 жылдарға арналған елдік әріптестігінің жаңа Стратегиясын әзірлеу мәселесін талқылады.
«Бұл құжаттың стратегиялық бағыттары біздің ұлттық басымдықтарымызға сәйкес келеді», - деді Ә.Қуантыров.
ҰЭМ басшысы елімізде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалар, жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу, инфляцияға қарсы шаралар мен шағын және орта бизнесті дамыту туралы айтып берді.
Сонымен қатар, министр ОАӨЭЫ (Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы) бағдарламасы аясындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
«ҚР Үкіметі Еуропа мен Азия нарықтары арасындағы маңызды байланыстырушы буын болып табылатын Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығының экономикалық өсіру үшін барынша күш-жігер жұмсайтын болады. ОАӨЭЫ бағдарламасы шеңберінде дайындалған стратегиялық құжаттар ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды платформа болып табылады. Бұған бірлесіп іске асырылып жатқан «Алматы-Бішкек экономикалық дәлізі» жобасы да ықпал етеді», - деді Ә.Қуантыров.
Өз кезегінде, Масацугу Асакава екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және болашақта бірлескен перспективалық бастамаларды дамытуға дайын екендігін жеткізді.
«Азия даму банкі Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолдайды. АДБ ҚР Үкіметіне маңызды міндеттерді іске асыруда қолдау көрсетуді жалғастырады. Бірнеше аптадан кейін біздің директорлар Кеңесі Қазақстан үшін елдік әріптестігінің жаңа Стратегиясын талқылайды, оның шеңберінде АДБ Үкіметпен декарбонизация, банк секторын дамыту, капитал нарықтарын күшейту және мемлекеттік басқару саласында тығыз өзара іс-қимыл орнатуға ұмтылады», - деді М.Асакава.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша жұмысты жандандыруға келісті. Министр АДБ Президентін ағымдағы жылдың 8-9 маусымында өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.