Cемей31°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
493.15 574.17 6.77

Үржарда Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған тағылымды шаралар өтті

Бүгін, 12:17 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысының Үржар ауданында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толуына орай ауқымды рухани-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен өткен мерейтойлық шаралар Абай облысының Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Үржар аудандық әкімдігінің қолдауымен жоғары деңгейде өткізілді.

Мерекелік іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының өкілдері, Астана, Алматы және Семей қалаларынан келген қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдері, аудан тұрғындары қатысты. Құрметті қонақтар қатарында жазушының ұлы Арман Қабдешұлы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек, ақын, Қазақстанның құрметті жазушысы, академик, профессор Ұлықпан Сыдықов және басқа да белгілі тұлғалар болды.

Мерейтойлық шаралар ұлт әдебиетінің алып тұлғасы мәңгілік тыныс тапқан қасиетті мекенде басталды. Жазушы рухына тағзым жасалып, құрбандық шалынып, Құран бағышталды. Сонымен қатар қаламгердің ұрпақтары мен келген қонақтар зират басына ағаш көшеттерін отырғызып, тағылымды іске атсалысты. Бұл – ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлғаға көрсетілген зор құрметтің көрінісі.

Одан кейін Үржар ауылында Құран-қатым түсіріліп, ас берілді. Жиында қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы тағылымды әңгімелер айтылып, замандастары мен зиялы қауым өкілдері жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.

Мерейтой аясында Үржар аудандық мәдениет үйінде «Дәуірдің дарабоз жазушысы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Басқосуда Қабдеш Жұмаділовтің ұлт тарихын, қазақ халқының тағдырын, азаттық рухын көркем шығармалары арқылы кеңінен насихаттаған бірегей қаламгер екені атап өтілді. Сонымен қатар қатысушылар назарына жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған, заманауи QR-кодтармен жабдықталған арнайы кітап көрмесі ұсынылды.

Қабдеш Жұмаділов – қазақ әдебиетінің алтын қорына өлшеусіз үлес қосқан, ұлт руханиятының биік шыңына айналған тұлға. Оның бай әдеби мұрасы мен өнегелі өмір жолы жас ұрпақ үшін әрдайым рухани бағдар болып қала береді.

Ұлттың ұлы тұлғаларын ұлықтау – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа аманат. Сондықтан Қабдеш Жұмаділовтің жарқын есімі мен шығармашылық мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталып, келер ұрпаққа қызмет ете бермек.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив