Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
493.15 574.17 6.77

Қазақстан мен Жапония IV буын реакторларының қауіпсіздігін зерттеу саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек

Бүгін, 18:19 Думан Кенжеғазыұлы

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының бас директоры Эрлан Батырбеков Жапонияның Атом энергиясы агенттігінің (Japan Atomic Energy Agency, JAEA) президенті Масанори Когучи мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар шапшаң нейтронды реакторлардың қауіпсіздігін зерттеу саласындағы бірлескен жетістіктер мен ғылыми жұмыстарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Келіссөздердің негізгі тақырыбы шапшаң реакторлардың қауіпсіздігін эксперименттік тұрғыдан зерттеуге бағытталған EAGLE бірлескен жобасын жалғастыру, сондай-ақ JAEA мен ҚР ҰЯО арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға және жобаның бірінші кезеңін іске асыру жөніндегі келісімге қол қою болды. Бұл құжаттар тараптар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған.

EAGLE жобасын 2000-жылдардың басынан бері ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен JAEA ұйымдары бірлесіп жүзеге асырып келеды. Ол натрий жылу тасымалдағышы қолданылатын шапшаң нейтронды реакторлардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған зерттеулерді қамтиды, соның ішінде актив аймақтың балқуымен қатар жүретін ауыр авария кезіндегі процестерді зерттеуді көздейді.

Жоба аясында актив аймақ материалдары балқымасының қасиеттері зерттеледі, балқыманың натрий жылу тасымалдағышымен және конструкциялық материалдармен өзара әрекеттесуі зерделенеді. Бұл үшін реакторішілік және реактордан тыс эксперименттер жүргізіледі. Реакторішілік сынақтар бірегей ИГР зерттеу реакторында өткізілсе, реактордан тыс зерттеулер EAGLE эксперименттік стендінде жүзеге асырылады.

Жоба жүзеге асырылған 20 жыл ішінде елеулі нәтижеге қол жеткізілді. Шамамен 200 әдістемелік сынақ өткізіліп, реакторда орта ауқымды 2 және толық ауқымды 9 сынақ жүргізілді, EAGLE стендінде 65-тен астам реактордан тыс эксперимент жасалды. EAGLE, EAGLE-2 және EAGLE-3 эксперименттік бағдарламалары ойдағыдай аяқталды. Сондай-ақ «Marubeni Utility Service, Ltd.» компаниясының қатысуымен EAGLE бағдарламасының келесі кезеңіне (post-EAGLE-3 жобасы) арналған есептік-талдамалық жұмыстар орындалды.

Ұзақ жылғы ынтымақтастықтың қисынды жалғасы ретінде EAGLE-4 жобасы жүзеге асырылмақ, оның шеңберінде бірнеше реакторішілік эксперимент, он екі реактордан тыс эксперимент және шағын ауқымды эксперименттер сериясын өткізу жоспарланып отыр. Жаңа кезеңнің негізгі міндеттері – Жапонияның перспективалық IV буын реакторларының жылу бөлгіш жинақтарын сынақтан өткізу, ИГР реакторында және ҚР ҰЯО-ның басқа да қондырғыларында зерттеулер жүргізу, сондай-ақ болашақ ядролық технологиялардың қауіпсіздігін ғылыми тұрғыдан негіздеу.

EAGLE-4 жобасының нәтижелері жапондық дизайндағы перспективалық шапшаң нейтронды реакторлардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ғылыми тәсілдерді дамытуға елеулі үлес қосады деп күтіледі. Сонымен қатар бұл жоба атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға қосымша мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ҚР ҰЯО мен JAEA ұйымдары EAGLE-4 жобасын 2031 жылға дейін жалғастыру мәселесін талқылап жатыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив