Қарулы күштердің әскери қызметшілері еліміздің барлық гарнизонында Мемлекеттік әнұранды бір мезетте орындады
Қарулы күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шаралар өтті.
Бүкіл ел аумағында Мемлекеттік Туды көтеру және Мемлекеттік Әнұранды орындау рәсімдері ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихы мен маңызын түсіндіруге арналған сабақтар, челлендждер және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізілді.
Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру құрметі мерзімді әскери қызметші Альтаир Тұрақбайға берілді. Әскери қызметші үшін бұл күн ерекше маңызды еді. Оның себебі Мемлекеттік рәміздер күні жауынгердің туған күнімен тұспа-тұс келді.
– Осындай мәртебелі рәсімге қатысу – үлкен құрмет. Мемлекеттік Ту – біздің Отанымыздың, оның тарихы мен жетістіктерінің символы. Сондықтан маған көрсетілген бұл сенім өте қымбат. Бұл күн менің әскери қызметімдегі ең маңызды әрі есте қаларлық күн болды, – деді қатардағы жауынгер А. Тұрақбай.
Алматы қаласында өткен салтанатты саптық жиында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы штабының бастығы полковник Бақытжан Жетпісов мемлекеттік рәміздердің ел егемендігі мен ұлттық бірлікті нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.
– 1992 жылғы 4 маусым – еліміздің тарихындағы айтулы күн. Дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет бекітіліп, ұлттық бірегейлік пен мемлекеттіліктің айшықты белгілеріне айналды, – деді ол.
Ақтау қаласында Әскери-теңіз күштері мен Құрлық әскерлерінің, Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері Мемлекеттік рәміздер алаңындағы Мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысты. Одан кейін әскери оркестрдің сүйемелдеуімен отан қорғаушылар облыс орталығының басты көшесін бойлай салтанатты шерумен жүріп өтті.
Мереке күні Ақтөбе қаласында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары авиациялық техниканың музейлік үлгілері жанында сапқа тұрып, Мемлекеттік Әнұранды айтты. Олар барынша әсерлі орындай отырып әскери борышқа адалдығын, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін және Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетті.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейлігі мен рухани тұтастығының ажырамас негізі. Халықтың ғасырлар бойғы тарихын, мәдениетін, дамуы мен өркендеуге деген ұмтылысын бейнелей көрсетіп, патриоттық тәрбиенің және азаматтық жауапкершілікті нығайтудың маңызды бағдары болмақ.