Cемей29°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
489.31 568.33 6.63

Қазақстан мен Гонконг Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы сауда көпірін нығайтуда

Бүгін, 13:55 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконг арнайы әкімшілік аймағының Басшысы Джон Лимен және Гонконг іскерлік қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялар тарту және Қазақстан мен Гонконг бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Келіссөздер барысында халықаралық сауда жүйесіндегі екі тараптың стратегиялық рөліне ерекше назар аударылды. Гонконгтың әлемдегі жетекші қаржы, сауда және логистика орталықтарының бірі екені, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың Азия-Тынық мұхиты өңірі нарықтарына шығуына кең мүмкіндік беретіні аталды. Ал Қазақстан Орталық Азия елдеріне, Еуразиялық экономикалық одақ нарығына және Еуропаға шығатын маңызды өңірлік хаб ретінде қарастырылады.

Арман Шаққалиев Қазақстанның Гонконгпен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, іскерлік байланыстарды нығайтуға және отандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілетудің жаңа тетіктерін қалыптастыруға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі тараптың өзара сауда көлемін ұлғайтуға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлік субъектілерінің өзара нарықтардағы қатысуын кеңейтуге әлеуеті жоғары.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрады. Біз Гонконг нарығына жеткізілетін қазақстандық өнім көлемін арттыруға мүдделіміз. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарлары да кіреді», – деді Арман Шаққалиев.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі алтын саудасы, биржалық инфрақұрылым және қаржылық қызметтер салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту болды. Джон Ли Гонконгта халықаралық алтын саудасы орталығын құру және бағалы металдар айналымына арналған заманауи экожүйені дамыту жоспарларымен бөлісті. Осыған байланысты тараптар тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету, бизнесті жүргізудің ашық әрі түсінікті қағидаттарын қалыптастыру және нарық қатысушылары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

Гонконг Әкімшілігінің басшысы Қазақстанның өңірдегі жетекші алтын өндіруші елдердің бірі екенін және халықаралық бағалы металдар саудасының қалыптасып келе жатқан жүйесінде маңызды орын ала алатынын айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту екі тараптың да өндірушілері мен қаржы институттары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Кездесу барысында іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Джон Ли кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның Гонконгтағы сауда және бизнес өкілдіктерінің қызметін кеңейту, сондай-ақ Гонконг ұйымдарының Қазақстандағы қатысуын арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде Арман Шаққалиев экспортты қолдау және бизнесті ілгерілету бағытында жүзеге асырылып жатқан құралдарды таныстырды. Атап айтқанда, бұл жұмыстар QazTrade компаниясы, шетелдегі серіктестік өкілдіктер желісі және сауда үйлері арқылы жүргізілуде. Қазақстан тарапы Гонконгпен сауда және инвестициялық байланыстарды нығайту мақсатында аталған тетіктерді одан әрі жетілдіруге дайын екенін жеткізді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті. Жоспар аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасындағы кездесулер өткізу және перспективалы инвестициялық жобаларды пысықтау көзделіп отыр. Сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» халықаралық форумы алаңында Қазақстан мен Орталық Азияға арналған арнайы сессия өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Кездесу тараптардың экономикалық әріптестікті нығайтуға және бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады. Қазақстан мен Гонконг сауданы кеңейту, инвестициялар тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірінің әлеуетін тиімді ұштастыра отырып, ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуды көздеп отыр.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив