Семейде қоқыс алаңдарына қатысты талап бұзушылықтар әлі де кездеседі
Семей қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару саласында бірқатар мәселе әлі де өзекті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мамандары айтты.
Басқарма басшысының орынбасары Әділ Қалдыбатырдың айтуынша, қалдықтармен тиімді жұмыс істеу «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі саналады. Бағдарлама аясында 2030 жылға қарай тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу көзделген.
Оның айтуынша, жиі кездесетін кемшіліктердің бірі – контейнерлік алаңдарды орналастыру кезінде санитариялық арақашықтық талаптарының сақталмауы.
Сонымен қатар кейбір контейнерлердің қақпағы жоқ немесе техникалық жағдайы талапқа сай емес.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының өнеркәсіптік және коммуналдық нысандарды бақылау бөлімінің басшысы Ажар Жадранова қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығаруға қойылатын талаптарға тоқталды.
Мамандардың айтуынша, жағдайды жақсарту үшін қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту, қоқыс шығару жүйесін жетілдіру және санитариялық талаптардың сақталуын тұрақты бақылауда ұстау қажет.