Cемей27°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат12°С
  • Бородулиха6°С
  • Қалбатау7°С
  • Курчатов11°С
  • Көкпекті14°С
  • Үржар16°С
488.59 564.37 6.79

Қазақстанның банк секторын дамыту – Taldau Talks подкастының жаңа шығарылымы

Бүгін, 15:23 Думан Кенжеғазыұлы

Taldau Talks YouTube арнасында подкастың кезекті шығарылымы жарияланды. Онда сарапшылар Қазақстандағы банк секторының қазіргі ахуалы, негізгі сын-қатерлер және жаңа цифрлық шешімдер жағдайындағы ел экономикасын дамыту перспективалары туралы мәселелерді талқылады.

Пікірталастың бастамашысы әрі модераторы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев болды. Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова, Halyk Bank басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова және қаржы-экономика саласындағы тәуелсіз сарапшы Ғалым Хұсайынов қатысты.

Сенат Төрағасы банк жүйесінің қазіргі тұрақтылығы жағдайында саланың негізгі міндеттері жаңа бейінді заңды тиімді іске асыру, бәсекелестікті ынталандыру, несиелеудің қолжетімділігін арттыру және бизнес пен азаматтарға сапалы қызмет көрсету екенін атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бизнеске банктік кредит беруді жандандыру қажет екенін бірнеше рет атап өтіп, осы сектордағы өзге де өзекті мәселелерге назар аударған болатын. Саланы реттеудің заманауи құқықтық негізін қалыптастыру мақсатымен жаңа Банктер туралы заң қабылданып, күшіне енді. Сондықтан бүгін біз жаңа ережелердің іс жүзінде қалай жұмыс істеп жатқанын және олардың бәсекелестікке, несиенің қолжетімділігіне әрі жалпы экономиканың дамуына қалай әсер ететінін талқылап отырмыз. Халықаралық рейтингтік агенттіктер растаған жалпы көрсеткіштер елдің қаржы жүйесіне деген сенімнің сақталғанын көрсетеді. Алдағы жылдардағы банк жүйесінің міндеті – осы оң үрдісті сақтап, ілгері дамуды қамтамасыз ету және халық пен бизнеске сапалы қызмет ұсыну», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сарапшылар жоғары базалық мөлшерлеменің банк секторына әсерін де талқылады. Сонымен қатар Сенат Төрағасы борыш жүктемесінің табысқа қатынасы коэффициентін енгізу банктерге қарыз алушының тек ағымдағы төлемдерін ғана емес, барлық міндеттемелер көлемін бағалауға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. Алайда бұл көрсеткішті шамадан тыс қатаң қолдану, әсіресе, бөліп төлеу немесе микроқарыздары бар адал азаматтардың несие алу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Сондықтан бұл мәселеде тепе-теңдікті сақтау аса маңызды.

Бұдан бөлек, қатысушылар бірқатар бағыт бойынша пікір алмасып, бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерін белгіледі. Атап айтқанда, реттеу саясатын жетілдіру, ақша-кредит және фискалдық құралдарды үйлестіру арқылы инфляцияны тежеу мен несиелеуді қолдау арасындағы теңгерімді табу, сондай-ақ, банк және финтех секторларын трансформациялау мәселелеріне ерекше мән берілді.

Taldau Talks – ел дамуының өзекті мәселелері мен Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асырудың нақты қадамдары талқыланатын ашық диалог алаңы.

Подкастың жаңа шығарылымын мына сілтеме арқылы көруге болады: https://youtu.be/y6WtVaWy_SM?si=0HudaaE8m6cGST-5

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив