Семейде Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына орай «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды кеш өтті
Бүгін Семей қаласындағы Абай атындағы театрда Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған «Дәуірдің дара қаламгері» атты әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Мәдени шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.
Әдеби кеште сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтті.
Кеш барысында Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибек сөз сөйлеп, жазушының отбасы мен оқырмандарына ізгі тілегін жеткізді.
Жазушының 90 жылдығына орай облыста бірқатар тағылымды шаралар ұйымдастырылды. Үржар ауданында «Дәуіріміздің дарабоз жазушысы» атты ғылыми-практикалық конференция өтсе, облыс орталығындағы Абай кітапханасында «Тағдыры ұлтпен үндескен дарабоз жазушы» атты еске алу кеші болды.
Шара барысында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған театрландырылған қойылым көрсетіліп, Қазақстанның Халық әртістері Секен Тұрысбек пен Майра Ілиясова, дәстүрлі әншілер Еркін Шүкіман мен Дінисламбек Жайлаубай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Сәдуақасова және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетті.
Қабдеш Жұмаділов ұзақ жылдар бойы «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Мемлекеттік баспалар комитетінде қызмет атқарып, қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.










