Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені ашылды
Бүгін Ақсуат ауданының Ойшілік ауылында заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Спорт кешенінің жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда әмбебап спорт залы, жаттығу залы, күрес залы, медициналық кабинет, әкімшілік және тұрмыстық бөлмелер орналасқан. Волейбол, баскетбол, шағын футбол, фитнес және күрес секілді спорт түрлерімен тұрақты айналысуға мүмкіндік жасалған. Нысан бір уақытта 46 адамды қабылдай алады.
Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы бұл нысан ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет етіп, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.
Жобаны іске асыру барысында тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше мән берілді. Ғимарат заманауи өрт дабылы жүйесімен, бейнебақылаумен, жарықтандыру және инженерлік желілермен жабдықталған. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына арналған пандустар қарастырылған.
Спорт модулінің аумағы толық абаттандырылып, көгалдандырылған. Жаяу жүргіншілер жолдары, демалыс аймақтары, жарықтандыру жүйелері, велосипед тұрағы мен шағын сәулеттік нысандар орнатылған. Бұл ауыл тұрғындарының жайлы демалуына және бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Спорт нысанының ашылуына орай Ойшілік ауылында волейболдан «OISHILIK CUP» облыстық турнирі өтті. Жарысқа 8 команда қатысты.










