Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйі ашылды
Бүгін Ақсуат ауданының Көкжыра ауылында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Уәли қатысты.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсуат ауданында әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде 2010 жылғы су тасқыны кезінде мәдениет нысанынан айырылған Көкжыра ауылында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты.
Салтанатты шарада құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі жаңа нысанның ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететінін атап өтті.
Көкжыра ауылының тұрғындары ризашылықтарын жеткізді.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылды. Жалпы ауданы 725,38 шаршы метр болатын екі қабатты мәдениет үйі 150 орынға арналған. Ғимаратта кітапхана, оқу залы, би және гимнастика үйірмелеріне арналған арнайы залдар, шығармашылық кабинеттер, әкімшілік бөлмелер, әртістерге арналған гримдеу бөлмелері мен өзге де қажетті кабинеттер қарастырылған. Кітапхана қоры 4 мың кітап сақтауға есептелген.
Сонымен қатар жоба мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып әзірленген. Ғимаратта арнайы кабинеттер, қолжетімді санитарлық тораптар және тактильді бағыттау элементтері орнатылған. Мәдениет үйінде 18 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Былтыр Абай облысының Бородулиха ауданының Камышенка және Новопокровка ауылдарында мәдениет үйі пайдалануға берілді. Жақында Мақаншы ауданының Көктерек ауылында мәдениет үйі ашылды. Осындай нысан алдағы уақытта Үржар ауданының Жоғарғы Егінсу ауылында ашылатын болады.










