Ядролық физика институты жаңа циклотронмен толықты: ядролық медицина мүмкіндіктері кеңеюде
Радиофармацевтикалық препараттар өндірісін дамыту және ядролық медицина инфрақұрылымын нығайту жөніндегі бұрын қол жеткізілген келісімдер аясында «Cyclone-18/9» циклотрондық қондырғысы Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің қолдауымен Курчатов қаласындағы Ядролық технологиялар паркінде сақтауда тұрған жерінен Ядролық физика институтының теңгеріміне берілді. Аталмыш қондырғы Ядролық физика институтының он екінші базалық қондырғысы болып табылады және ғылыми-технологиялық әрі өндірістік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
«Cyclone-18/9» қондырғысын пайдалануға енгізу онкологиялық ауруларды диагностикалауға арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіру көлемін арттыруға және оларды үздіксіз шығаруды қамтамасыз етуге жол ашады.
Яғни қосымша түрде тәулігіне 150-ге дейін пациент ПЭТ-диагностикадан өте алады, бұл Қазақстан халқы үшін жоғары дәлдікті диагностиканың қолжетімділігін айтарлықтай арттырады.
Бүгінде Ядролық физика институты диагностикалық радиофармацевтикалық препараттарды өндіретін еліміздегі жетекші ұйымдардың бірі және терапияға арналған радиофармацевтикалық препараттарды өндіретін Қазақстандағы жалғыз мекеме болып табылады. Өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен арттырып, өнім түрлерін кеңейте отырып, Институт елдегі ядролық медицинаның дамуына елеулі үлес қосып келеді. Сондай-ақ Институтта өндірілетін радиофармацевтикалық препараттарды ТМД елдері мен Азия мемлекеттеріне экспорттау әлеуеті бар.