Сенат Төрағасы университет түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысты
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев университет түлектеріне диплом тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты.
Палата Спикері жас мамандарды құттықтай келе, Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды жаңғыру үдерістері жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Кешенді жұмыстың дәйекті жалғасы ретінде конституциялық реформа жүргізіліп, жаңа Конституция қабылданды. Бұл – Қазақстан тарихындағы маңызды оқиға, мемлекеттің ұзақ мерзімді тұрақтылығының берік негізі және жаһандық сын-қатерлерге уақтылы берілген жауап.
Сондай-ақ елді жаңғырту және саяси жүйені кешенді түрде реформалау жолында заңнамалық бастамаларды қамтамасыз етумен қатар, білікті әрі жауапты мамандардың да рөлі ерекше екеніне баса мән берілді. Жаһандық технологиялық және әлеуметтік трансформациялар дәуірінде жаңғыру миссиясы негізінен жас буынға жүктеледі. Сондықтан Мәулен Әшімбаев еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінің дипломы – жоғары білім алғанын растайтын құжат қана емес, қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін айтты.
«Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы еліміз саяси, экономикалық және әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Әділетті және Прогрессивті Қазақстан құруға бағытталған саяси бағдары – ұзақмерзімді реформалар бағдарламасы. Ол экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік басқару институттарын нығайту, ғылым мен білімге, бизнес пен азаматтық қоғамға қолдау көрсету сияқты маңызды міндеттерді шешу үшін бүкіл қоғамның жұмылуын және белсенді қатысуын талап етеді. Осы үдеріске сіздердің университеттеріңіздің түлектері қазірдің өзінде елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы алғашқы технологиялық unicorn компания – Higgsfield AI соның жарқын көрінісі. Аталған компания командасының 90 пайызы – NU түлектері. Бұл – еліміздің адам капиталының жоғары бәсекеге қабілетті және университеттік ортаның сапалы деңгейде екенінің айқын дәлелі», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы өз сөзінде NU университеті отандық ғылымды, инновацияларды және адам капиталын дамыту жолында маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ ол университет өзінің басты миссиясын нәтижелі жүзеге асырып келе жатқанына назар аударып, аталған оқу орны Қазақстанда озық зерттеу мәдениетін қалыптастыруға, заманауи академиялық стандарттарды енгізуге және еліміздің жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуға үлкен ықпалын тигізіп отырғанын тілге тиек етті.
Салтанатты рәсім барысында Мәулен Әшімбаев жас мамандарға өмірлік бағдар болатын маңызды бағыттарға да тоқталып өтті. Бұл орайда Сенат Төрағасы кәсіби біліктілік, дұрыс құндылықтар және үздіксіз өзін-өзі жетілдіру табысты мансаптың негізі екенін айтты.