ҚР ИИДМ: Жаңа заңның қабылдануы құрылыс индустриясындағы өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізеді
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов заң жобалау қызметі мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына қатысып, оның барысында ҚР Құрылыс кодексі жобасына байланысты реттеуші саясаттың консультативті құжаты қаралды.
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жаңа Қала құрылысы кодексі әзірленіп жатқаны белгілі. Осы ретте құрылыс саласы ұлттық экономиканың жүйе құраушы секторы саналатынын атап өткен жөн. Қазір Қазақстандағы сәулет-құрылыс қызметі 2,5 мыңнан астам құжатпен реттеліп келеді.
«Бүгінде сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласы көптеген заңнамалық және заңға тәуелді актімен жұмыс істеп жатқаны мәлім. Бұл орайда жоғарыда аталған кодексті қабылдау арқылы құрылыс бағытындағы көкейкесті мәселелер шешіліп, орнықты заңның күшімен саланы тұрақты дамытуға жол ашылады», А.Идырысов.
Сонымен қатар жекелеген мәселелер азаматтық, экологиялық, орман, су және жер қатынастары туралы заң нормаларымен реттелетінін айта кетейік.
«Жерді оңтайлы пайдаланудан бөлек қала құрылысы қызметін құқықтық тұрғыда реттеудің маңызды аспектісі кешенді және тиімді аумақтық жоспарлау, түрлі шектеулер мен әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал ету саналады. Неге десеңіз, ол тұрғын үй құрылысының бағасына да әсер етеді. Осыған байланысты қалалық құрылыстың процесін құқықтық реттеудің тың тәсілдері мен тетіктері қажет», деді вице-министр.
Осы кодексті қабылдау арқылы сәулет, қала құрылысы және тұтастай құрылыс саласын үдемелі дамытып, оны сапалы жаңа деңгейге шығару үшін түйінді маңызды мәселелердің шешімін тауып, аталған саланы жолға қою көзделіп отыр.
Осылайша бұл реформаның көмегімен сәулет, қала құрылысы және құрылыспен байланысты қатынастарды құқықтық тұрғыда жүйелендіріп, салалық субъектілердің мемлекетпен арадағы өзара іс-қимылы жөніндегі қағидаттарын реттеп, бекіту ұсынылып отыр.
Отырыстың қорытындысы бойынша ведомствоаралық комиссияның қатысушылары жаңа салалық кодексті толыққанды іске асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы заңнаманы кодтау мен сабақтас нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қолдады.