Абай облысында «EcoForest» толық циклді ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің құрылысы басталды
Бүгін Семей қаласында «EcoForest» толық циклді экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің іргетасын қалау рәсімі өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Берік Уәли, Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd. компаниясының бас директоры Чжан Ликай қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде бұл жобаның өңірдің өнеркәсіптік, инвестициялық әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор үлес қосатынын атап өтті.
Жоба өрттен зардап шеккен және санитарлық кесуге жататын ағашты тиімді өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім шығаруға, өндіріс қалдықтарын қайта пайдалануға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 67 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның аясында Семей қаласында 50 гектар аумақта толық циклді индустриялық-экологиялық ағаш өңдеу паркі, ал Бородулиха ауданындағы Михайловка ауылында 4 гектар жерде ағашты бастапқы өңдеу кешені салынады.
Семейдегі кешенде жылына 2 миллион текше метрге дейін ағаш шикізатын өңдеп, 800–900 мың текше метр дайын өнім шығару жоспарланған. Кешен құрамына жылына 250–300 мың текше метр қуаттылыққа ие E1, E0 және ENF класындағы тақталар өндіретін зауыт, жылына 250–300 мың текше метр қуаттылыққа ие OSB және FOSB тақталарын өндіретін зауыт, жылына 100 мың текше метрге дейін дайын өнім шығаратын жиһаз өндірісі модулі, термиялық модификацияланған және антисептикалық өңдеуден өткен ағаш өндірісі, еуропаллеттер өндірісі, ағаш пеллеттері мен биоотын өндіретін зауыт, органикалық тыңайтқыштар өндіретін зауыт, құрылыс-логистикалық орталық және қажетті инженерлік инфрақұрылым енеді. Бородулиха ауданындағы кешенде жылына 500 мың текше метрге дейін ағаш өңдеу және 120–150 мың тонна пеллет өндіру көзделген. Аталған алаңда ағашты қабылдау, есепке алу және сұрыптау, қабығын аршу, сортименттерге бөлу, аралау, кептіру, ұсақтау және шикізатты терең өңдеуге дайындау жұмысы жүргізіледі. Дайындалған ағаш Семей қаласындағы негізгі өндірістік кешенге жіберіледі.
Жоба аясында заманауи автоматтандырылған өндіріс іске қосылып, ағаш шикізаты қалдықсыз технология бойынша терең өңделеді. Кәсіпорындарда OSB және FOSB панельдері, MDF, ағаш-жаңқалы тақталар, фанера, шпон, инженерлік және әрлеу панельдері, жиһаз дайындамалары, ағаш пеллеттері, биоотын және органикалық тыңайтқыштар өндірілетін болады.
Толық қуатына шыққан кезде кәсіпорындарда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылып, өндірілген өнім Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және өзге де халықаралық нарықтарға экспортталады.
Инвесторлардың айтуынша, жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті азаматтардан құралады.
Кәсіпорынның аймақ экономикасы үшін маңызына тоқталған «Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжан Ликай индустриялық-экологиялық парк құрамына заманауи өндіріс орындары біріктірілетінін айтып, бұл бастама ағаш өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеретінін жеткізді.
Кәсіпорын 2028 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оның іске асырылуы өңірде ағаш өңдеу өнеркәсібін дамытуға, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға және жоғары қосылған құны бар экспортқа бағдарланған өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл облыста жалпы құны 131,2 млрд теңге болатын 41 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3263 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал жыл басынан бері 34,62 млрд теңге болатын 14 инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.










