Астанада өткен бірлескен кеңесте су көлігі қауіпсіздігі мәселелері қаралды
2026 жылғы 29 шілдеде Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаменті мен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің бірлескен кеңесі өтті.
Жұмыс кеңесіне Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру департаментінің директоры Нұржан Малаев және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының міндетін атқарушы, азаматтық қорғау полковнигі Әсет Жылқыайдаров төрағалық етті. Кеңеске Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық аумақтық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында су көлігіндегі көлік оқиғаларын тергеп-тексеру және олардың алдын алу кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Қатысушылар уәкілетті органды уақтылы хабардар ету талаптарын, ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерін, сондай-ақ су көлігіндегі көлік оқиғаларын толық әрі уақытылы тергеп-тексеруді қамтамасыз етудегі жедел ақпарат алмасудың маңызын талқылады.
Сонымен қатар, тергеп-тексерілуге жататын су көлігіндегі көлік оқиғалары бойынша статистикалық деректер және олардың орын алу себептерін талдау нәтижелері ұсынылды. Оқиғалар санының артуы байқалатын су объектілеріне ерекше назар аударылды. Ұсынылған материалдар тәуекел факторларын анықтауға және шағын көлемді кемелерді пайдалану қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша профилактикалық шараларды әзірлеуге бағытталды.
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі көліктегі көлік оқиғаларын тергеп-тексеру жүйесін жетілдіруді және көліктегі қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимылды жалғастыруда.