Cемей7°С
Ауа-райы
  • Абай12°С
  • Аягөз6°С
  • Ақсуат6°С
  • Бородулиха3°С
  • Қалбатау5°С
  • Курчатов13°С
  • Көкпекті5°С
  • Үржар9°С
452.59 507.67 5.48

Серік Жұманғарин Ленинград облысының губернаторымен өнеркәсіп және АӨК салаларындағы жаңа жобаларды талқылады

Бүгін, 11:18

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденкомен кездесті. Жиында тараптар өзара сауданы дамыту, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптегі ынтымақтастық, сондай-ақ көлік логистикасы мәселелерін талқылады.

Биылғы 8 айда Қазақстанның Ленинград облысымен тауар айналымы 2,5%-ға өсіп, $257,9 млн болған.

Тараптар агроөнеркәсіп кешенінін келешегі зор бағыттардың бірі ретінде атап көрсетті. Қазақстан сүт бағытындағы мал шаруашылығы, селекция, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуде бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі. Ленинград облысының осы бағыттардағы тәжірибесі кооперацияны кеңейту және шикізатты қайта өңдеу көлемін арттыру үшін негіз бола алады.

Өнеркәсіп кооперациясына және өндірістерді локализациялауға ерекше назар аударылды. Машина жасау, химия өнеркәсібінде, жабдық пен құрылыс материалын өндіруде бірлескен жобалардың әлеуеті зор. Сондай-ақ Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар өндіру үшін шикізат жеткізу және заманауи органикалық тыңайтқыштар шығару жобасы талқыланды.

Көлік логистикасы маңызды тақырыптардың біріне айналды. Александр Дрозденко аймақтың Ленинград облысының порттары арқылы қазақстандық жүктерді тасымалдауға арналған ұзақмерзімді келісімшарттарға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар сондай-ақ теміржол транзиті мәселелерін және жүк тасымалының тұрақтылығын арттыру қажеттігін талқылады.

Бұдан басқа, атом саласындағы ынтымақтастық перспективалары, оның ішінде салалық мамандар даярлау мәселесі қарастырылды.

Серік Жұманғарин келісімдерден нақты жобаларға көшудің маңыздылығын атап өтіп, екі өңірдің кәсіпорындары арасындағы тікелей байланыстарды жандандыруды ұсынды.

«Біздің міндетіміз – өзара сауданы кеңейту, бірлескен өндірістерді дамыту және екі тарапқа да нақты пайда әкелетін бастамаларды жүзеге асыру үшін жағдай жасау», — деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрдің орынбасары.

 

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив