Абай облысында құтқарушыларға құрмет көрсетілді
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Құтқарушылар күніне орай азаматтық қорғау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Аймақ басшысы адам өмірін арашалап, төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жолында еңбек етіп жүрген сала мамандарының қажырлы еңбегі мен ерлігін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында қызметтік міндеттерін адал орындап, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген азаматтық қорғау саласының қызметкерлері мен ардагерлері Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды. Атап айтқанда, Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Алмас Сүлейменовке «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісі, Жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Евгений Одинцовқа «Құтқарушы» төсбелгісі, Семей қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Берік Омаровқа «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісі табысталды. Азаматтық қорғау органдарында 25 жыл еңбек еткен ардагер Сергей Құнанбаев «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға министрліктің алғыс хаты берілді. Сондай-ақ, шара барысында төтенше жағдай қызметкерлеріне екі қызметтік көлік табысталды.
Өңірде азаматтық қорғау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға ерекше көңіл бөлінуде. 2025 жылы Семей қаласында заманауи технологиялар негізінде салынған жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Биыл Алакөл көлінің жағалауында заманауи құтқару станциясы мен модульдік құтқару капсуласы іске қосылды. Бұл нысандар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары құтқару қызметтеріне 18 техника, 96 сирена-сөйлеу құрылғысы, 56 ұйымдастыру техникасы мен кеңсе жабдығы, сондай-ақ 1141 жабдық пен жарақ сатып алынды.
Ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025–2026 жылдары «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жергілікті атқарушы органдардың қарамағында 30 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бұл шалғай ауылдардағы өрт қауіпсіздігін күшейтуге және төтенше жағдайларға ден қою мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.










