«Абайға құрмет»: Семейде дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Бүгін Семей қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған делегация қатысты.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы өңіраралық ынтымақтастық пен ұлттық бірліктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Президенттің бастамасын алғашқылардың бірі болып қолдап, Семейде заманауи спорт нысанының салынуына себеп болған Батыс Қазақстан халқына, осы өңірдің әкімі Нариман Төреғалиевке облыс жұртшылығы атынан алғыс айтты.
Нысан заманауи стандарттарға толық сәйкес келеді және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына барлық жағдай жасалған. Кешен бір мезгілде 115 адамды қабылдауға есептелген. Нысанның жалпы ауданы – 1773 шаршы метр. Кешен 2 корпустан, әр корпус 2 қабаттан тұрады. Бірінші корпуста ойын спорт түрлеріне арналған кең залдар орналасқан. Екінші корпуста күрес түрлеріне бейімделген арнайы жаттығу залы, сондай-ақ, екінші қабатында үстел теннисі және жаттығу залдары қарастырылған.
Сонымен қатар, қосалқы және тұрмыстық бөлмелермен қамтамасыз етілген. Кешен аумағында тұрғындар мен спортшылардың таза ауада жаттығуына арналған баскетбол алаңы және жаттығу алаңы бар. Бұл инфрақұрылым балалар мен жастардың, сондай-ақ, ересек тұрғындардың дене шынықтырумен тұрақты айналысуына, бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізуіне мүмкіндік береді.
Салтанатты шарада сөз сөйлеген Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтау тілегін жеткізді.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдің әр аумағында бірқатар жаңа нысандар салынып жатыр. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта Маңғыстау облысының сыйлығы – Достық үйі, Шымкент қаласының тартуы – шығармашылық орталық, Алматы қаласының сыйлығы – медиаорталық, Павлодар облысының тартуы – үстел теннисі орталығы бой көтеруде. Қаланың сол жағалауында Ақтөбе облысының сыйлығы – Жекпе-жек сарайының құрылысы басталды.
Сонымен қатар Түркістан облысы көрме орталығын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Атырау облысы «Абай әлемі» орталығын, Жетісу облысы Семейдің кіреберісіне қала қақпасын, Қостанай облысы руханият орталығын, Астана қаласы 1500 орындық «Келешек» мектебін салуды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысы Ертіс өзенінің жағалауын абаттандырады.
Акцияны ірі компаниялар мен қоғамдық қорлар да қолдап отыр. «KAZ Minerals» компаниялар тобы жаңа шағын ауданда үлкен стадион құрылысын бастады. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Мирный кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Инклюзивті спорт орталығының құрылысын бастады. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Аягөз қаласында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Үржар ауданында осындай спорт кешендерін салуды жоспарлап отыр. Жақында Семейде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сыйлығы – Болашақ сарайының құрылысы басталады.









