Қазақстан мен БҰҰДБ Каспий теңізінің экожүйесін сақтау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
2026 жылғы 24 тамызда Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтының ғимаратында БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Қазақстандағы Өкілдігі ұйымдастырған Каспий өңіріндегі БҰҰДБ бастамалары бойынша дайындық консультациялық кездесуі өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің, Маңғыстау облысы әкімдігі мен мәслихатының, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, «Қазгидромет» РМК-ның, ғылыми және білім беру ұйымдарының, сондай-ақ экологиялық үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты Каспий өңірінде БҰҰДБ жобаларын іске асырудың басымдықтары мен негізгі бағыттарын талқылау, институционалдық рөлдер мен өзара іс-қимыл тетіктерін айқындау, қолданыстағы бастамалар арасындағы синергия мүмкіндіктерін анықтау, сондай-ақ жобаларды іске асыру жөніндегі одан арғы қадамдарды белгілеу болды.
Кездесу барысында Каспий өңірінің негізгі экологиялық мәселелерін шешуге бағытталған БҰҰДБ-ның үш жобасына ерекше назар аударылды. Жаһандық экологиялық қор қаржыландыратын Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің теңіз және жағалау ресурстарын интеграцияланған басқару жөніндегі жоба Атырау және Маңғыстау облыстарында биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтауды, жер және су ресурстарын орнықты басқаруды, сондай-ақ табиғатқа негізделген шешімдерді дамытуды көздейді.
Қалған екі жоба циркулярлық экономиканы дамытуға және қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ Каспий теңізінің теңіз қоқысы мен пластик қалдықтарымен ластануының алдын алуға бағытталған. Бұл ретте қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту, жасыл инвестицияларды тарту және жергілікті экологиялық бастамаларды қолдау көзделген.
Жапония Үкіметінің қолдауына жеке тоқталды. Жапония Үкіметі БҰҰДБ-мен бірлесіп Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы мониторингті күшейтуге, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және деректер алмасуды дамытуға бағытталған жобаны іске асыру үшін қаржыландыру бөлді.
Консультациялық сессия аясында қатысушылар өңірдің басымдықтарын, мүдделі тараптардың институционалдық рөлдерін, деректер алмасу мәселелерін, одан әрі үйлестіру тетіктерін, сондай-ақ қолданыстағы бастамалар шеңберінде күш-жігерді біріктіру мүмкіндіктерін талқылады.
БҰҰДБ-ның Каспий теңізінің өзекті экологиялық проблемаларын шешуге қосып отырған маңызды үлесіне тоқталған Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетов халықаралық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің және Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын қолданыстағы және болашақ халықаралық жобаларды іске асыруға белсенді тартудың маңыздылығын атап өтті.
Аталған бастамаларды іске асыру Каспий теңізін сақтаудың ғылыми және институционалдық негіздерін нығайтуға, қоршаған ортаны қорғаудың заманауи тәсілдерін енгізуге, сондай-ақ Каспий өңірінің орнықты дамуы мүддесінде халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.