«Таза Қазақстан» – қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс
«ӘDILET» партиясы Абай облыстық филиалының төрағасы Айдар Ибраев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы партияның маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті.
Оның айтуынша, Президент бұл бастаманың уақытша науқан емес, қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. 23 тамыздағы брифингте де Мемлекет басшысы сайлаудан кейін қол қусырып отыруға болмайтынын айтып, ел игілігі жолындағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударған.
Айдар Ибраев «Таза Қазақстан» ұғымын тек сенбілік өткізу немесе көшені қоқыстан тазартумен шектеуге болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, тазалық – адамның қоршаған ортасына ғана емес, өзінің ісіне, сөзіне, қоғамдық жауапкершілігіне деген көзқарасынан көрінетін мәдениет. Демек, сана тазармай – қала тазармайды.
Осы ретте ол «ӘDILET» партиясы үшін «Таза Қазақстан» – Әділетті Қазақстанды құрудың маңызды идеологиялық негіздерінің бірі екенін жеткізді. Бұл қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру, туған жерге жанашырлықпен қарау және кейінгі ұрпаққа таза әрі жайлы орта қалдыру деген сөз.
Партия филиалының төрағасы халық даналығындағы «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөзді мысалға келтіріп, әр азамат туған жерінің тазалығына өзі жауапты екенін сезінуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, көп болып жұмылғанда алынбайтын асу жоқ. Туған жердің көркеюі – баршаға ортақ азаматтық жауапкершілік.
Айдар Ибраев тазалықты бір күндік науқан емес, тұрақты өмір салтына айналдыру қажеттігін атап өтті. Бірлік бекем, ниет ортақ болған жағдайда туған өлкені одан әрі көркейтіп, келер ұрпаққа жайлы, таза әрі көрікті мекен қалдыруға болатынын жеткізді.
Сонымен қатар ол барша азаматтарды өткен сайлауда «ӘDILET» партиясының сенімді жеңісімен құттықтады.
«Бұл – ең алдымен, бізге білдірген сенім мен үміт. Елдің қолдауы бізге үлкен жауапкершілік жүктеп, партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндеттерді сапалы жүзеге асыруға жаңа серпін береді. Алдағы кезеңде халықтың сенімін нақты іспен ақтау – басты мақсатымыз», – деді Айдар Ибраев.
Партия филиалының төрағасы сөз соңында алдағы міндеттердің маңыздылығына тоқталып, «Сөзіміз сүбелі, ісіміз жүйелі шығып, алар асуымыз биік болсын!» деген тілегін білдірді.



