Cемей23°С
Ауа-райы
  • Абай22°С
  • Аягөз21°С
  • Ақсуат20°С
  • Бородулиха20°С
  • Қалбатау19°С
  • Курчатов23°С
  • Көкпекті20°С
  • Үржар21°С
458.48 534.68 5.43

Мемлекеттік секторды цифрлық трансформациялау: Semey Hub-та ЖИ-ді кәсіби қолдану мәселелері талқыланды

Бүгін, 09:21 Думан Кенжеғазыұлы

Семейде Semey Hub ұйымдастырған «GovTech саласындағы жасанды интеллектіні дамытудың перспективалары» тақырыбында дәрістік-практикалық workshop өтті. Іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, ведомстволық бағынысты ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор басшылары, сондай-ақ цифрландыру саласының мамандары қатысты.

Workshop барысында жасанды интеллектінің мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін өзгерту мүмкіндіктері талқыланды. Негізгі назар ЖИ-ді практикалық қолдануға — міндет қоюдан бастап, деректермен жұмыс істеу, қажетті модельді таңдау және нақты нәтиже алуға дейінгі үдеріске аударылды.

Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Абзал Серікұлы жасанды интеллектіні енгізу мемлекеттік басқарудағы бірқатар міндетті жедел әрі тиімді шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазіргі таңда цифрландыру Абай облысының дамуының негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Біз жаңа технологияларды жай ғана енгізуді емес, халықтың күнделікті өмірін жеңілдететін, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыратын нақты шешімдер табуды көздейміз. Мемлекеттік аппарат пен IT-қоғамдастықтың ынтымақтастығы — біздің жетістігіміздің негізгі кілті. Өйткені шынайы инновациялар мемлекеттің қажеттіліктері IT-саланың икемділігімен ұштасқан жерде пайда болады», — деді Абзал Серікұлы.

Спикер сондай-ақ жасанды интеллектіні қағазбастылықты азайтуға, талдау жұмыстарын жетілдіруге және азаматтармен кері байланысты жақсартуға тиімді пайдалануға болатынын атап өтті.

Іс-шарада GovTech ұғымы, сондай-ақ ЖИ-агенттерінің чат-боттар мен дәстүрлі ақпараттық жүйелерден айырмашылығы түсіндірілді. Қатысушылар Қазақстандағы жасанды интеллектіні қолданудың құқықтық негіздерімен, соның ішінде «Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және Цифрлық кодекс талаптарымен танысты.

Semey Hub директоры Анет Тұрсынжанның айтуынша, workshop-тың басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілерге жасанды интеллектіні күнделікті кәсіби қызметте тиімді әрі қауіпсіз қолдану мүмкіндіктерін көрсету.

«Бүгін Абай облысының цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп, мемлекеттік қызметтегі жасанды интеллект тақырыбында workshop өткіздік. Спикеріміз Владислав Набока кеңсе жағдайында ЖИ-агентін қалай құруға болатыны жөнінде шеберлік сабағын өткізді. Сонымен қатар жасанды интеллектіні қандай мекемелерде енгізуге болатынын талқылап, киберқауіпсіздік пен кибергигиена мәселелерін қозғадық. Бұдан бөлек, KAZ LLM моделін қолдану мүмкіндіктері туралы айтылды», — деді Анет Тұрсынжан.

Практикалық бөлімде қатысушыларға Қазақстанда қолданыстағы мемлекеттік цифрлық шешімдер — eGov GPT, eGov AI, Smart Data Ukimet және «Цифрлық отбасы картасы» мысалында жасанды интеллект шешімдерінің құрылымы көрсетілді. Жұмыс «міндет — деректер — модель — нәтиже» қағидаты негізінде түсіндірілді.

Workshop аясында киберқауіпсіздік пен кибергигиенаға да ерекше назар аударылды. Мамандар мемлекеттік органдарда ЖИ құралдарын енгізу кезінде деректердің қауіпсіздігі, ақпаратты қорғау және технологияны жауапты пайдалану маңызды екенін атап өтті.

Кездесу соңында 2030 жылға дейін GovTech саласында жасанды интеллектіні дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Олардың қатарында проактивті мемлекеттік қызметтерді дамыту, ішкі процестерге арналған ЖИ-агенттерін енгізу, тәуекелге бағдарланған бақылау мен болжамды талдауды жетілдіру, нормашығармашылық және құқықтық талдауда ЖИ-ді пайдалану, сондай-ақ деректердің бірыңғай архитектурасын қалыптастыру және ведомствоаралық ақпарат алмасуды дамыту бар.

Іс-шара мемлекеттік органдар мен IT-қоғамдастық арасындағы өзара байланысты нығайтып, жасанды интеллектіні мемлекеттік секторда тиімді қолдануға бағытталған практикалық алаң қалыптастырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив