Әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы 98%-ға жетті
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баяндады.
Министрдің мәліметінше барлық өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда 10 913 білім беру нысанының он 10 693-і дайын, бұл 98%-ды құрайды. 8 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Жоспардан Алматы мен Ақтөбе облыстары қалып отыр.
Денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда дайындық 98%-ға жетті, яғни 5 394 нысанның 5 281-і дайын. 6 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Шымкент пен Алматы қалаларында байқалуда.
Тұрғын үйлер бойынша жылыту маусымына дайындық жұмыстары 51 391 үйде аяқталды, бұл жоспардың 96%-ын құрайды. Түркістан облысында тұрғын үй қорының дайындығы толық қамтамасыз етілді. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында тұрғын үйлердің дайындық деңгейі төмен.
«Өңірлерде инженерлік инфрақұрылымға да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 1 808 шақырым сумен жабдықтау желісінің 1 303-і жөнделген. Бұл жоспардың 72%-ын құрайды. Жөндеу жұмыстары 6 өңірде толық аяқталды. Төмен көрсеткіштер Алматы, Жамбыл облыстарында орын алып отыр. Су бұру желілері бойынша жоспардың 74%-ы, яғни жоспарланған 306 шақырымның 225 шақырымы орындалды», — деді министр.
Жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Министрлік тарапынан автономды қазандықтардың дайындығына мониторинг жүргізілуде. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда 14 618 автономды қазандық дайындалды, бұл 98%-ды құрайды. 6 өңірде нысандардың дайындығы 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Алматы мен Шымкент қалаларында. Автономды қазандықтарға арналған көмір дайындығы 69%-ды құрайды, мазут қоры 88%-ға, дизель отыны – 93%-ға дайындалды.
Коммуналдық қызметтерді тұрақты көрсетудің маңызды шарттарының бірі – тұтынушылардың берешегін өтеуі. Бүгінгі таңда заңды және жеке тұлғалардың коммуналдық қызметтер бойынша дебиторлық берешегі шамамен 19 миллиард теңгені құрайды. Ең жоғары берешек Алматы қаласында қалыптасқан.
Дебиторлық берешектің жоғары болуы табиғи монополиялар субъектілеріне бекітілген инвестиция бағдарламасын толық іске асыруға мүмкіндік бермейді. Алдағы жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындықты қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктерге:
-
1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын қамтамасыз ету;
-
қыркүйектің соңына дейін сумен жабдықтау және су бұру желілерінде жөндеу жұмыстарын аяқтау;
-
коммуналдық қызметтер тұтынушыларының қолданыстағы дебиторлық берешегін өтеу жұмысын күшейту;
-
орталық, солтүстік, шығыс өңірлер мен Астанада 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15 қазанға дейін жылыту маусымына толық дайындықты қамтамасыз ету қажет.
Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар Министрліктің қатаң бақылауында.