1 қыркүйектен бастап сыра сатушыларға жаңа талаптар енгізіледі
Қазақстанда сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 қыркүйектен бастап жаңа талаптар шыны бөтелкелерге құйылған өнімдерге қолданылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жанама салықтарды әкімшілендіру бөлімінің басшысы Ержан Сәбиев мәлімдеді.
Ержан Сәбиевтің айтуынша, цифрлық таңбалау сыра өнімдерінің өндірушіден тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Бірегей Data Matrix коды тауарды сәйкестендіріп, оның заңсыз айналымын азайтуға және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған.
Спикердің мәліметінше, сыра өнімдерін цифрлық таңбалау кезең-кезеңімен енгізілуде. 1 ақпаннан бастап кегтерге құйылған сыра мен сыра сусындарына таңбалау енгізілді. 1 қыркүйектен бастап талап шыны бөтелкелердегі өнімдерге қолданылады. Ал келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қаңылтыр банкалардағы сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау басталады.
Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Арман Манабаевтың мәліметінше, жаңа талаптар сыра өнімдерін бөлшек саудада өткізетін барлық кәсіпкерлерге қатысты. Олардың қатарында дүкендер, минимаркеттер, сауда желілері, жеке сауда нүктелері және сыра өнімдерін өткізетін қоғамдық тамақтану объектілері бар.
Кәсіпкерлерге талаптар күшіне енгенге дейін таңбалау жүйесіне тіркеліп, кассалық жабдықтарын техникалық жағынан дайындау ұсынылады. Сауда орындарында Data Matrix кодтарын оқитын 2D-сканерлер болуы және олардың кассалық бағдарламамен үйлесімділігі алдын ала тексерілуі қажет. Тауарды қабылдау кезінде цифрлық таңбалаудың бар-жоғын тексеріп, ал сату барысында Data Matrix кодын кассада сканерлеу керек.
Таңбаланбаған өнімдерге қатысты өтпелі кезең қарастырылған. Міндетті таңбалау енгізілгенге дейін өндірілген сыра өнімдерін белгіленген тәртіпке сәйкес жылдың соңына дейін өткізуге болады. Сондықтан кәсіпкерлер қоймадағы өнімнің өндірілген күнін анықтап, оның өтпелі кезең талаптарына сәйкестігін тексеруі қажет.