Cемей-11°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

«Қалқан-2023» – Қазақстан мен Өзбекстанның әскери бөлімшелеріне арналған тактикалық-арнайы оқу-жаттығу

19-05-2023, 16:38 Думан Кенжеғазыұлы

Ташкент облысындағы «Ангрен» таулы полигонында өткен жаттығудың белсенді кезеңін Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов бақылады.

«Қалқан-2023» тактикалық-арнайы оқу-жаттығуына бірлескен жедел штаб басшылық етті.

Оқу-жаттығудың жоспары бойынша мемлекеттердің бірінің аумағында қоныстанған заңсыз қарулы құрылымдар өздерінің ықпал ететін аймақтарын кеңейтуге тырысады.

Есірткімен заңсыз айналысатын топтардың қарулы қақтығысы шиеленістің одан әрі өршуіне әкеледі. Есірткі трафигінің бағыттарын қамтамасыз ету мақсатында көршілес елдің биік таулы аймақтарында тірек базаларын, қару-жарақ пен оқ-дәрілер салынған жасырын жерлерді құру әрекеттері байқалады. Деструктивті күштер Ангрен бағытында ерекше белсенділік танытады. Шекара нарядтарына оқ жаудырады.

Қарқындылығы төмен қақтығыс деген сипаттағы ахуалда  Қазақстан мен Өзбекстанның арнайы мақсаттағы біріккен жасағы әскери округтің жалпы әскери бөлімшелерімен өзара іс-қимыл жасай отырып, шекара маңындағы аудандардағы заңсыз қарулы құралымдарды анықтау және оларды жою жөнінде арнайы операция жүргізді.

Тактикалық-арнайы оқу-жаттығу барысында мемлекеттік шекараны қорғауды нығайту жүзеге асырылды, шекара белдеуіндегі қарсыластың шағын топтарын жою бойынша қос мергеннің іс-қимылы пысықталды. Ал негізгі бөлімшелерді қолдану аймақтарына жылжытуды барлау қызметі қамтамасыз етті.

Жаудың негізгі күштерін жоюға бағытталған батальондық тактикалық топтарды қолдау үшін әуе және артиллериялық соққылар жасалды. Бұл ретте резервтегі күштер мен құралдарын ұрысқа қолдану да сыналды. Операция соңында батальондық тактикалық топтардың бөлімшелері мен тосқауылдағы жасақты қорғаныс аймағынан шығару жүзеге асырылды.

Қазақстан тарапынан оқу-жаттығуға армия және әскери-көліктік авиация бөлімшелерінен, Парашюттік даярлық орталығының мамандарынан барлығы 60 әскери қызметші жұмылдырылды.

«Қалқан-2023» бірлескен тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы бірлескен операцияға дайындалу және оны өткізу кезінде басқару органдары жұмысының бірыңғай алгоритмін әзірлеуге, Қазақстан мен Өзбекстан қарулы күштері бөлімшелерінің бірлескен қарым-қатынасы барысында өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтауға бағытталған.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов оқу-жаттығу соңында генерал-лейтенант Баходир Құрбановпен бірге Өзбекстан Қарулы күштерінің академиясына барды. Жоғары оқу орнының қызметімен танысу барысында ол Қазақстан Қарулы күштерінің тақырыптық сыныбының ашылу салтанатына қатысып, академияның құрметті қонақтары кітабына қолтаңбасын қалдырды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив